Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту жөніндегі кеңесінде қаладағы көлік инфрақұрылымына назар аудару керектігін айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту жөніндегі кеңесінде қаладағы көлік инфрақұрылымына назар аудару керектігін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Көлік-логистика инфрақұрылымын одан әрі дамыту маңызды. Қалада сапалы және қолайлы инфрақұрылым болуға тиіс. Биыл Астананың көлік жүйесін дамытудың 2035 жылға дейінгі кешенді бағдарламасы қабылданды. Бұл құжаттағы іс-шараларды дер кезінде жүзеге асыру керек", — деді Тоқаев.
Қаладағы көлік инфрақұрылымына назар аудару керек.
" Азаматтар жолдың сапасы нашар екенін айтып, жиі шағымданады. Қоғамдық көліктердің қызметіне қатысты мәселелер де бар. Келеңсіз жайттар Астананың абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Қоғамдық көліктер ең алдымен тұрғындарға ыңғайлы болуы керек және уақтылы жүруге тиіс. Жеке көліктен гөрі автобуспен жүрудің тиімді болғаны жақсы. Сондықтан қоғамдық көліктердің санын көбейту қажет", — деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы жеңіл рельсті көлік желісін ұзарту және Қабанбай батыр даңғылында екі деңгейлі жол салу ұсынысын қолдады.
"Жеңіл рельсті көлік жобасы да өте маңызды. Көп ұзамай оны толық іске қосу керек. Мен жеңіл рельсті көлік желісін ұзарту туралы ұсынысты қолдаймын.Бұл қадам көлік кептелісін азайтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Үкімет, ең алдымен, жобаны қаржыландыру мәселесін шешуге тиіс. Сондай-ақ Қабанбай батыр даңғылында екі деңгейлі жол салу туралы ұсынысқа қолдау білдіремін. Жобаның құжаттарын келесі жылы әзірлеп, 2027 жылы құрылысты бастау қажет. Бұған қоса, Үкімет әкімдікпен бірлесіп, Тәуелсіздік даңғылын ұзарту жұмысын жалғастыруы керек", - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев елордада жол-көлік оқиғаларының көбейгеніне алаңдаушылық білдірді.
"Жалпы, қалада құрылыс өте көп. Көлік саны да аз емес. Бұл жағдай, бір жағынан, тұрғындардың, әсіресе, балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп жатыр. Биылғы он бір айда Астанада жол-көлік оқиғасынан 675 бала зардап шеккен, бес бала қаза болған. Жұрт үйлердің арасында жаяу жүргіншілер жолағы, жылдамдықты шектеу белгілері жоқ деп шағым айтады. Мұның қандай себеппен болып жатқанын ешкім білмейді.
Ауланы жарықтандыру мәселесі де өзекті. Мен өзім бұл мәселеге баса назар аударып отырмын. Әсіресе, тұрғын-үйлер және білім беру мекемелерінің маңындағы жүк көліктерінің қозғалысын реттеу қажет.
Шешілмей жатқан тағы бір мәселе – көлік тұрақтарының жетіспеушілігі. Бұл мәселені ретке келтіретін кез келді. Шетелдің озық тәжірибесін қолдану керек. Мысалы, көпқабатты тұрақтар салуға болады", - деді Президент:
Оқи отырыңыз: Тоқаев ірі қалалар мен облыс орталықтарына жақын жерлерде экосаябақтар құруды тапсырды