Референдумға дейін:
23
күн
2
сағат
22
минут

Кәсіпкерлерге жаңа талап: сөрелерде отандық өнім үлесі артады

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Ішкі сауда саласындағы 460 кәсіпорын 4,3 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау алды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өткен жылы ішкі сауда саласында екінші деңгейлі банктер арқылы несиелерді субсидиялау және кепілдендіру тетіктеріне негізделген кешенді мемлекеттік қолдау шаралары іске қосылды. Бағдарлама өңірлерде сауданың заманауи форматтарын дамытуға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған. Бағдарламаға Астана, Алматы, Шымкент қалалары және сауда ойын-сауық орталықтары қатыспайды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ведомствоның алқа отырысында мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Облыс орталықтарында жүзеге асырылатын жобалар үшін кредит сомасы 3 млрд теңгеден аспауы тиіс. Моноқалаларда, шағын қалаларда және ауылдық елдімекендерде бұл шек 1,5 млрд теңгені құрайды. Субсидияланатын сыйақы мөлшерлемесі 10,75% деңгейінде белгіленген. Инвестициялық мақсаттарға субсидиялау мерзімі 5 жылға дейін, ал айналым қаражатын толықтыруға 3 жылға дейін қарастырылған.

Министр мемлекеттік қолдау көрсету кәсіпкерлердің қарсы міндеттемелерді орындаумен қатар жүретінін атап өтті.

"Мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлер отандық тауар өндірушілердің өнімдерін сауда сөрелеріне орналастыруы қажет. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша үлес кемінде 20%, ал азық-түлік тауарлары бойынша 50% болуы қажет. Оның 30%-ы қолданыстағы Ішкі сауда қағидалары аясында, қосымша 20%-ы мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде қарастырылған", - деді ведомство басшысы.

Қазіргі уақытта министрлік қазақстандық өндірушілердің басымдығын күшейтуге бағытталған өзгерістерді пысықтауда. Айналым қаражатын толықтыруға қаржыландыру алған жағдайда тиісті тізілімге енгізілген отандық тауар өндірушілерден тауар, шикізат және материалдар сатып алу талабы енгізіледі.

Сондай-ақ тіркелгеніне үш жылдан аспаған бастаушы қазақстандық өндірушілердің өнімін олардың жазбаша өтінімі негізінде кемінде үш ай мерзімге сауда алаңдарына тегін орналастыру міндеті көзделеді. Бұдан бөлек, субсидиялау немесе кепілдендіру шарттары жасалған сәттен бастап бір жыл ішінде жалдау ақысының мөлшерін өзгертуге тыйым салынады.

Кәсіпкерлерге statgov.kz цифрлық жүйесі арқылы Ұлттық статистика бюросына есептілікті уақтылы тапсыру міндеті жүктеледі.

Өткен жылы мемлекеттік қолдауға шамамен 4,3 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде екінші деңгейлі банктер арқылы республика бойынша 460 жоба қаржыландырылды.

Оқи отырыңыз: Былтыр сауда ел экономикасының 26% өсіміне үлес қосты

 

Новости партнеров