Қазақстанда отандық өндірушілерді қолдау қалай жүзеге асуда

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Қазақстан Үкіметі отандық тауар өндірушілерді қолдау, офтейк-келісімшарттарды кеңейту және шағын мен орта бизнесті ынталандыру бойынша ауқымды шаралар кешенін іске асыруда

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Отандық тауар өндірушілерді қолдау — мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет ішкі өндірісті дамытуға, жаңа өнеркәсіп орындарын ашуға, қазақстандық қамту үлесін арттыруға және ел ішінде үздіксіз өндірістік шынжырларды қалыптастыруға бағытталған шаралар кешенін іске асырды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Қазіргі таңда мемлекеттік қолдау бизнесті дамытудың барлық кезеңін қамтиды. Бұған жеңілдетілген қаржыландыру, мемлекеттік сатып алулар, ірі кәсіпорындарды отандық өнім берушілермен жұмыс істеуге ынталандыру және экспорттық әлеуетті кеңейту кіреді.

Кепілдік берілген сұраныс және қаржылай қолдау

Отандық бизнесті қолдаудың басты құралдарының бірі — мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулар жүйесі. «Самрук-Қазына» қоры мен мемлекеттік органдар отандық тауарлар мен қызметтерге тұрақты сұраныс қалыптастырып отыр. Отандық өндірушілер үшін аванс төлеу, қамтамасыз ету түрлерінен босату және төлем мерзімдерін қысқарту сияқты жеңілдіктер қарастырылған.

Сонымен қатар, импортты алмастыратын жаңа өндірістерді іске қосуға мүмкіндік беретін офтейк-келісімшарттар механизмі белсенді дамуда. «Бәйтерек» холдингінің даму институттары бизнесті қаржыландырудың кең ауқымды желісін ұсынады:

  • «Даму» қоры өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды субсидиялау, кепілдік беру және жеңілдетілген қаржыландырумен қамтамасыз етеді;

  • Қазақстан даму банкі ірі инвестициялық жобалар мен экспорттық операцияларды қаржыландырады;

  • Экспорттық-кредиттік агенттік шикізаттық емес сектордағы экспорттаушыларға қолдау көрсетеді;

  • Аграрлық кредит корпорациясы мен ҚазАгроФинанс агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ауқымды қаражат бағыттайды.

«Толық өндірістік циклді құру, тиімді жергіліктендіру және ірі кәсіпорындар төңірегінде шағын және орта бизнестің аймақтық белдеуін дамыту өнеркәсіпті тұрақты өркендетудің және елдің ұзақ мерзімді экономикалық тәуелсіздігінің негізіне айналуда», — деп атап өтеді Үкіметтің баспасөз қызметі.