Қазақстанда 2026 жылы салық режимін қалай таңдауға болады

20.01.2026 09:32

Кәсіпкерлер 1 наурызға дейін салық режимін таңдау туралы хабарлама тапсыруы тиіс

Depositphotos.com

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілді. Соған сәйкес арнаулы салық режимдерінің саны оңтайландырылып, үшке дейін қысқартылды. Осыған байланысты ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлерге 2026 жылға арналған салық режимін таңдау тәртібін түсіндірді, - деп хабарлайды Аlmaty.tv

Жаңа Салық кодексінде келесі үш арнаулы салық режимі көзделген:

  • оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі;

  • өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимі;

  • шаруа және фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимі.

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің Арнаулы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шыңбергеннің айтуынша, бұған дейін жеті болған арнаулы салық режимдері үшке дейін қысқартылып, жүйе айтарлықтай оңтайландырылған.

Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі

Аталған режимді қолдануды жоспарлап отырған салық төлеушілер 2026 жылғы 1 наурызға дейін қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама тапсыруы қажет.

Егер белгіленген мерзімде хабарлама ұсынылмаса, салық төлеуші 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне ауыстырылады.

Хабарламаны келесі тәсілдер арқылы тапсыруға болады:

  • Салық төлеушінің кабинеті арқылы (АЖ СӘИЖ жүйесінде «Құжаттарды тапсыру» – «Қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама» бөлімі);

  • «E-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы («Қызмет» – «ЖК салық салу режимін өзгерту» бөлімі);

  • қағаз түрінде орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы арқылы;

  • банктердің мобильді қосымшалары арқылы (қазіргі уақытта бұл қызмет Kaspi Bank қосымшасында «Мемлекеттік қызметтер» – «ЖК реквизиттері мен салық режимін өзгерту» бөлімінде қолжетімді).

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимі

2026 жылғы 1 наурыздан бастап салық органдары 2025 жылы патент негізіндегі арнаулы салық режимін немесе арнайы мобильді қосымша арқылы арнаулы салық режимін қолданған салық төлеушілерді жеке кәсіпкер ретінде есептен автоматты түрде шығарады.

Есептен шығару күні ретінде 2026 жылғы 1 қаңтар белгіленеді. Бұл ретте салық төлеушінің есептен шығу туралы өтінішті өз бетінше беру құқығы сақталады.

Егер салық төлеуші қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама тапсырып, өзге режимді таңдаса, автоматты есептен шығару жүргізілмейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолдану «E-Salyq Business» мобильді қосымшасында алғашқы чек қалыптастырылған күннен бастап есептеледі.

Шаруа және фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі

Шаруа және фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режиміне көшу 2026 жылғы 1 наурызға дейін салық органдары арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады. Бұл жағдайда салық төлеушіден қосымша хабарлама тапсыру талап етілмейді.