Қандай көлік түрі өтімді: Қазақстанда автомобиль саудасы 36%-ға өсті

16.05.2025 15:38

Ең көп өткен 10 көлік қатарында өзгеріс жоқ

Аlmaty.tv

«Қазақстанның автокөлік одағының» мәліметінше, 2025 жылдың сәуірінде 19 247 бірлік жеңіл және коммерциялық автомобильдер сатылды, бұл – былтырғыдан 35,9% жоғары көрсеткіш. Жыл басынан бері ресми дилерлер 66 090 автомобиль сатса, өткен жылы 53 605 бірлік көлік өткен (+23,3%), деп хабарлайды Аlmaty.tv.

ҚАО президенті Анар Мақашеваның айтуынша, сауда өсуімен қатар елде жасалған автомобиль салада мықтап орын ала бастады: сәуірде олардың үлесі 64,61%-ға жетті.

«Сұраныс құрылымындағы мұндай қатынас отандық көліктер мен отандық автозауыттар ұсынған сан түрлі модель сапа, баға және сатып алғаннан кейінгі қызмет тұтынушының күткеніндей болғанын растайды. Дилерлер мен банктердің бірігіп қолға алған бастамалары жаңа автомобильдердің ауқымды аудитория үшін қолжетімділігін арттырып жатыр. Жалпы айтқанда, ел тұрғындарының заманға сай әрі технологиялық модель алуды қалауы мен авторитейлдің ірі ойыншыларының белсенді жарнама кампаниялары, бәрі бірігіп автопарктің жаңаруына ықпал етеді және саланың тұрақты дамуына көмектеседі», - деді А. Мақашева.

Ең көп өткен 10 автомобиль қатарында өзгеріс жоқ. Бірінші орында тұрған Hyundai дилерлері дәстүрден жаңылмай, 4 393 бірлік көлік сатқан (былтырғы сәуірмен салыстырғанда +44,4%). Chevrolet де әдеттегідей екінші орынға жайғасты (2 725 көлік +84,5%). Үздік үштікке енген Kia-ның нәтижесі – 2 207 көлік (+25,2%). Бұл жолы Chery бренді төртінші сатыға қайта көтерілді (1 434 көлік (+38,8%). Сәуірде 1 368 көлігі иесін тапқан Jetour бесінші қатардан көрінді. Ары қарай тізімде Geely (1 051 көлік; +44,4%), Haval (1 046 көлік; +76,7%), Toyota (744 көлік.; +6,9%), Changan (691 көлік; -20%) және Jac (661 көлік; -35,8%) бар.

Нарыққа қайта оралған Skoda (280 көлік; +536,4%) мен Lada (204 көлік; +423,1%) жақсы өтіп жатыр. BYD-дің де бастамасы жаман емес - сәуір айында 136 машинаның кілтін тапсырды.

Сәуірде сұраныс жоғары болған модельдер ішінде Chevrolet Cobalt (2 194 көлік) Hyundai Tucson (1 762 көлік) және Kia Sportage (1 000 көлік) басым. Одан бөлек тізімге Hyundai Mufasa (745 көлік), Hyundai Elantra (580 көлік), Hyundai Santa Fe (548 көлік), Chery Tiggo 7 Pro (538 көлік), Kia K5 (495 көлік), Haval M6 (456 көлік) және Geely Coolray (393 көлік) кірді.

Төрт айдың қорытындысы бойынша брендтер көшін Hyundai (16 098 көлік; +30,7%) бастап тұр, екінші орын 8 734 автомобиль өткен Chevrolet-ке бұйырды (+81,4%), Kia клиенттері 7 112 автомобильдің иесі атанды (+7,1%). Chery-дің 4 531 моделі иесін тапса (+1,3%), бестікті Jetour маркасы түйіндеді – 4 471 көлік (+74,5%).

Оқи отырыңыз: Алматының негізгі капиталына инвестициялар 35,6 %-ға өсті