Вице-премьердің айтуынша, 2025-2026 жылдары елдегі қан өндіретін 3 зауыт қайта жаңғыртылмақ
Еліміз 2025 жылы Қытай, Гонконг пен Вьетнамға бидай сатуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Мәжілісте Премьер-министрдің орынбасары айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мәжіліс қабырғасында егінді сақтау, өткізу мәселелеріне қатысты өткен отырыста депутаттар біраз мәселенің басын қайырды. Алдымен бидай экспорты жайлы сөз қозғалды. Қазақстан 20 миллион долларға 5 шарт бекіткен. Ол – Қырғызстан, Қытай, Тәжікстанмен болған келіссөздер. Алдағы уақытта Ауғанстанмен де келісімге келмек. Бұл елдерге бір айда 250 мың тонна астық шығарылмақ.
"Тәжікстан бидайды жақсы алып жатыр. Қытайға 2 млн тонна жібереміз. Бірақ жаңа маршруттар бар. Иран нарығына қайта ендік. Келесі жылдың басында Синьцзянда кездесу болады. Гонконг пен Вьетнамға өнім жіберу жоспарда бар", – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин.
Бидай экспортына қатысты әңгіме өрбігенде депутат Нұржан Әшімбетов астықты өңірлердегі шаруалардың қордаланған мәселесінің шетін шығарды. Оның айтуынша, елдегі элеваторлар астықты қабылдағанда сапасын төмендетіп жібереді. Ал оны бақылайтын инспекторларды жергілікті әкімдіктер басқа салаға жіберген. Депутат "мамандар Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырына қайтарыла ма?" деп сауал тастады.
"Бір кездері жергілікті атқарушы органдарға бұл функцияны бердік. Байқағанымыздай, олар тікелей міндетін атқармай отыр. Қазір барлық әкімдіктерге хат жолдадық. Астық пен элеваторларды тексеретін инспекторларды жер-жерде анықтауы тиіс. Олай болмаса, мамандарды қайтарып аламыз. Облыстық деңгейде инспектор болады. Мәселені осылай шешуге тура келеді", – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Ал депутат Жигули Дайрабаев қант қызылшасын өсіретін шаруалардың мұның айтты. Халық қалаулысы диқандардың биыл өте жақсы өнім алғанына қарамастан, тірліктің рәсуа болып жатқанын айтып кейіді. Өйткені, елде қант өндіретін зауыттар аз. Сондықтан мемлекет тарапынан қандай да бір көмек болғанын дұрыс санайды.
"Оған инвестор іздеп жатырмыз. Бірін таптық. Бұл да оңай емес. Зауыт салу үшін 500 млн теңгеден 1 млрд теңгеге дейін инвестиция керек. Инвестор келсе, зауыт салуға дайынбыз. Бірақ зауыт салу үшін тағы да 2 жыл қажет. Жасыратыны жоқ, келесі жылы қызылшаға арналған алаңдарды азайтамыз. Қызылшаны импорттан аламыз", – деді Серік Жұманғарин.
Вице-премьердің айтуынша, 2025-2026 жылдары елдегі қан өндіретін 3 зауыт қайта жаңғыртылмақ. Үкіметтің қаулысына өзгерістер енгізіліп, отандық өндірушілерді қолдау үшін нақты шаралар әзірленбек.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз: Халық қатысатын бюджет: Алматының Наурызбай ауданында 40 жоба жүзеге асты