Қазақстанда бір жылда ет бағасы 11,8%-ға қымбаттаған

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Ең қатты қымбаттағаны – сиыр еті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде азық-түлік бағасының өсімі тоқтар емес. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылғы маусымда еттің және ет өнімдерінің бағасы бір айда 1,2%-ға, ал бір жылда 11,3%-ға өсті. Нақты айтқанда, мал еті мен құс еті бір айда 2,1%-ға, бір жылда 11,8%-ға қымбаттаған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Energyprom.kz талдауына сүйенсек, сиыр еті мен қой еті бір айда 1,7%-ға өскен. Ал жылдық көрсеткіш бойынша сиыр еті 16,9%-ға, қой еті 16,1%-ға, жылқы еті 5,6%-ға, құс еті 4,5%-ға, шошқа еті 3,7%-ға қымбаттаған.

Өңірлер бойынша ең жоғары өсім Ақмола (2,8%), Қызылорда (2,6%) және Батыс Қазақстан (2,3%) облыстарында тіркелсе, ең төменгі өсім Астана мен Абай облысында (0,2%) байқалды. Жылдық есеппен алғанда, бағаның ең көп өсімі Ұлытау (18%) мен Ақмола (16,7%) облыстарында тіркелген.

2025 жылдың алғашқы тоқсанында қазақстандықтар жан басына шаққанда орта есеппен 20,6 кг ет пен ет өнімдерін тұтынған – бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7%-ға артық. Етті ең көп тұтынатын өңірлер – Ақмола (24,1 кг), Жамбыл (23,9 кг) және Маңғыстау (23,6 кг) облыстары. Ал Қызылорда облысында (15,8 кг), Шымкент (16,3 кг) пен Түркістан облысында (16,9 кг) тұтыну көлемі аз тіркелген.

Ет түрлерінің ішінде ең көп тұтынылатыны – сиыр еті. Алайда оның да тұтыну мөлшері 3%-ға азайып, жан басына 6,1 кг болған. Сонымен қатар қой еті мен шошқа етінің де тұтыну деңгейі азайған. Ал жылқы еті мен тауық етіне сұраныс артқан.

Ет өнімдерінің ішінде ұсақ туралған жартылай фабрикаттарға (51,9%), ет фаршына (5,1%) және шұжық түрлеріне деген сұраныс артқан. Керісінше, кептірілген май, бауыр және қайнатылған шұжыққа деген сұраныс төмендеген.

Қазақстандық отбасылар етке және ет өнімдеріне орта есеппен тоқсанына 157,9 мың теңге жұмсаған – бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,5%-ға көп. Ең жоғары шығын Маңғыстау облысында тіркеліп, бір отбасыға шаққанда 233,5 мың теңгені құрады. Ең аз шығындар Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі – 92,7 мың теңге.

Оқи отырыңыз: Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадада тарихи жетістікке қол жеткізді

Новости партнеров