Алмасадам Сәтқалиев биыл 10 айда 73,5 миллион тонна мұнай өндірілгенін айтты
Қазақстанда 2026 жылдан бастап мұнай өндіру көлемі 100 миллион тоннадан асады. Энергетика министрі қара алтынды арттыру бойынша жасалған жұмыстарды жіпке тізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алмасадам Сәтқалиев биыл 10 айда 73,5 миллион тонна мұнай өндірілгенін айтты. Жоспар шамамен 15 миллион тоннаға орындалмапты. Ведомство басшысы оның себебін Теңіз және Қашаған ірі кен орындарындағы күрделі жөндеумен байланыстырады. Қазір бұл салаға 185 миллиард доллар инвестиция тартылғанын еске салған министр алдағы уақытта мұнай өндірісінің көлемі артады деп болжап отыр.
"Болжамдарға сәйкес, 2026 жылдан бастап ірі жобаларды жүзеге асыру есебінен жылдық мұнай өндіру көлемі 100 млн тоннадан асады. "Теңізшевройл" мұнай өндіруді жылына 12 млн тоннаға арттыруды қамтамасыз ететін "Келешек кеңейту" жобасын жүзеге асырып отыр", – деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Ведомство басшысы Қашағанда 2026 жылдан бастап мұнай өндіруді 1 млн тоннаға арттыруды көздейтін, қуаты жылына 1 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу жұмысы туралы да еске салды.
"Сонымен қатар 2026 жылы қуаты жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу арқылы мұнай өндіруді 2 млн тоннаға арттыруды қамтамасыз ету қарастырылған. Жалпы алғанда, үш ірі жобадағы мұнай өндіру республикадағы барлық мұнай өндірудің 70 пайызын құрайды, оған шамамен 17 млрд доллар инвестиция салынады", – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Оқи отырыңыз: Заң мен тәртіп: елімізде қылмыс 10 мыңға азайған