Ақ халаттылар Мемлекет басшысына үндеу жариялады
Жетісу облысындағы Текелі қалалық ауруханасының ұжымы Мемлекет басшысына үндеу жариялады. Ақ халаттылар мекемеге тәуелсіз комиссия жіберуді сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұжым аурухана әкімшілігі науқастарға келгенде ақшаны үнемдеп, оны мақсатсыз жұмсап отыр деп ашынады. Олардың айтуынша, жаңа басшы командасын ала келген. Тіпті кейбіріне істемеген жұмысы үшін қосымша ақша қосып, баспана да берген көрінеді. Ал мұндай материалдық көмек ұзақ жылдан бері істеп келе жатқан мамандар үшін қол жетпес арманға айналған. Текелілік ақ халаттылардың күйінетіні де – осы.
"Үндеуде де айтқанбыз, директор командасын әкеліп, жауапты қызметтегілердің барлығын ауыстырды. Жаңадан келгендерге жағдай жасалып жатыр, ал бізге басқа шарттар ұсынды. Қазір көптеген қызмет жұмыстан кеткісі келеді. Заңбұзушылық өте көп деп күдіктенеміз. Сондықтан бейтарап тексерісті талап етеміз", – деді Текелі қалалық ауруханасының медбикесі Наталья Дубровина.
Ұжым қорап-қорап болып жатқан дәрі-дәрмекке қатысты да шикіліктің барын айтты. Биыл жазда бас медбикенің міндетін уақытша атқарушы акті мен хаттама толтырмай ауруханадан дәрілік препараттарды алып шыққан көрінеді.
"Алтыншы айда бас мейірбике еңбек демалысына кеткенде жертөледен дәрі-дәрмек тіркіленді. Ол кезде мен және сол кісі ғана болды. Ол қайдан шыққан дәрі екенін білмейміз? Оны қалай сол жаққа түскенінен де хабарымыз жоқ", – деді Текелі қалалық ауруханасының медбикесі Әйгерім Абдрахова.
Ал директор өзіне тағылып отырған айыппен келіспейтінін атты. Бірақ ол жұмысқа жаңадан кірген есепшіге жалақы есебінен 2 млн теңге алдын-ала төлем бергенін жасырмады. Келгелі бірнеше өңірден 10-нан астам дәрігерді жұмысқа қабылдаған.
"Павлодар, Шымкент, Қызылордадан мамандар шақырдым. Оларға 5 миллион теңге көлемінде көтерме қаражат төленіп жатыр. Өзімнің барлық функционалдық міндетімді 100 пайыз орындап отырмын. Ешкімнің құқығын бұзған емеспін", – деді Текелі қалалық ауруханасының директоры Аслан Қалибеков.
Айта кетейік, мәселе май-шаммен қаралсын деген талап қойылған тұста облыстан дәрігерлер дауын тыңдайтын арнайы жұмыс тобы келді. Олар 10 желтоқсанда тексеріс қорытындысын жарияламақ. Ал дәрі –дәрмекке қатысты құзырлы органның тексерісі әлі де жүріп жатыр. Жағдай арнамыздың бақылауында болады.
Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, Жетісу облысы
Оқи отырыңыз: Тараздағы тұрғындар ауыз сусыз қалды