Қазақстанда снек шығаратын ең үлкен зауыттардың бірі ашылады

Мемлекет басшысы аталған уағдаластыққа АҚШ-қа жұмыс сапары кезінде қол жеткізді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда снек шығаратын ең үлкен зауыттардың бірі ашылады. Өндіріс келесі жылы маусым айында іске қосылады. Бастама әлемдік нарықтағы алпауыт компания PepsiCo қорымен келісім негізінде жүзеге аспақ. Мемлекет басшысы аталған уағдаластыққа АҚШ-қа жұмыс сапары кезінде қол жеткізді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 80-сессиясына қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар кездесу өткізді. Алқалы жиында мемлекет басшысы көлік және авиация салаларын дамыту мәселесіне де басымдық берді. Президент авиациялық-құрылыс компаниясының басшылығымен Қазақстанда ұшақтарға техникалық қызмет көрсететін аймақтық сервис орталығын ашу мүмкіндігін қарастырды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Яков Милатовичпен де жүздесіп, Черногория - Қазақстанның Балқан түбегіндегі маңызды серіктесі екенін атап өтті. Ал «Алматы мен Подгорица арасындағы тікелей әуе рейстерінің ашылуы - қос халықты етене жақын етті» деді Президент. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Украина президенті Владимир Зеленскиймен де кездесті. Екі тарап гуманитарлық ынтымақтастық пен қақтығысты реттеу мәселелерін талқылады.  

«Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездестім. Қазір басты мақсат — қауіпсіз әрі сенімді кепілдіктер арқылы тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу. Украинаның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қолдағаны үшін Қазақстанға алғыс айтамын», - деді Украина президенті Владимир Зеленский.

Сондай-ақ Нью-Йоркте Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысымен де кездесті. Келіссөздер нәтижесінде Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымының аймақтық орталығын құру жөнінде меморандумға қол қойылды. Бұдан бөлек, Президент Еуропа Кеңесінің төрағасымен және бірқатар мемлекеттің басшыларымен келіссөз жүргізді. Өз сөзінде Президент "Қазақстан - әрдайым сенімді серіктес екенін және ынтымақтастықтың стратегиялық мақсаттарына адал екенін" атап көрсетті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы америкалық бизнес өкілдерімен өткен жиынға қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ - Қазақстан экономикасы үшін ең ірі инвестор болып қала беретінін алға тартты. Өйткені тек Американың бізге салған инвестиция көлемі 100 миллиард доллардан асқан екен.   

«Біз Американы маңызды серіктестеріміздің бірі санаймыз және сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенімізді растаймыз. Америка Құрама Штаттарының да осы стратегиялық ұстанымды қолдайтыны қуантады. Оған Президент Дональд Трамппен 2024 жылы желтоқсан айындағы әңгімелесуімізде көз жеткіздік. Бүгін біз Президент Трамппен тағы да мазмұнды әңгіме өрбіттік. Ол үшін ризашылығымды білдіремін», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысымен кездесу өткізді

Новости партнеров