Қазақстан мен Моңғолия мемлекетінің арасында тарихи келісімге қол қойылды
Қазақстан мен Моңғолия мемлекетінің арасында тарихи келісімге қол қойылды. Енді қазақстандық жер серігі тұңғыш рет экспортқа шығарылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Маңызды құжат Жерді қашықтықтан зондтау спутнигін Моңғолияда құруға және оны дамытуға бағытталған. Инвестициялық жоба Қазақстанның Ұлттық ғарыш орталығының базасында жүзеге аспақ. Келісім аясында Моңғолия мемлекетінің инженерлерін оқыту, орталық құрып, ақпараттық жүйелерді ұсыну көзделген. Бастама екі ел аумағындағы өзгерістерді, су ресурстарын ғарыштан бақылауға, талдау жүргізуге, экономиканың әр секторына ықпал етуге көмектеседі.
"Моңғолия елі 1 спутник арқылы ғарыштық түсірілімді 3-4 күннің ішінде алса, біздің спутниктік құрылымға кіру арқылы суреттерге әр 14 сағат сайын қол жеткізе алады. Айрықша атап өтетін жайт — бұл ел тарихындағы қазақстандық инженерлер толық әзірлеген алғашқы экспорттық спутник болмақ. Құрылғы Моңғолияның қажеттіліктеріне бейімделіп, өңірлік спутниктік инфрақұрылымды нығайтады және Қазақстанның ғарыш технологиялары саласындағы әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді", – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Моңғолия Президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді