Онлайн сауда ережесі өзгерді: қазақстандықтар шетелдік тауар үшін қанша салық төлейді

Еуразиялық экономикалық комиссия елге әкелінетін тауарларға салынатын құн мөлшерін өзгертпек

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Енді қазақстандықтар шетелдің онлайн дүкендерінен тапсырыс бергені үшін салық төлейді. Еуразиялық экономикалық комиссия елге әкелінетін тауарларға салынатын құн мөлшерін өзгертпек. Яғни, бұдан бұлай сатып алынған заттың бағасы 200 еуродан асса, онда азаматқа 18 пайыз көлемінде салық салынбақ. Аlmaty.TV тілшісінің сұрақтарына Мемлекеттік кірістер комитеті Кедендік әдіснама басқармасының басшысы Болат ИБРАГИМОВ жауап берді.

- Болат Сұлтанұлы, мәселен, 5% кедендік баж және 12% қосымша құн салығы. Үйде отырып, өзге елдерден еш қиындықсыз сауда жасайтын жұртқа бұл өзгеріс қалай әсер етеді?  

– Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексіне енгізілген электронды саудаға қатысты өзгерістер барлық мүше мемлекет өз ішкі рәсімдерін толық өткізгеннен кейін ғана күшіне енуі тиіс. Қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық комиссиядан барлық мемлекеттердің бұл рәсімдерді аяқтағаны жөнінде ресми ақпарат әлі түскен жоқ. Сол ақпарат түскеннен кейін біз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ресми түрде хабарлайтын боламыз.

- Жаңа өзгеріске сәйкес, 200 еуролық лимит әр тапсырысқа жеке ме, әлде барлық тапсырыстардың жиынтығымен есептеле ме?  

- Қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, құны 200 еуродан аспайтын және салмағы 31 килограмнан төмен тауарлар Еуразиялық экономикалық одақ аумағына бажсыз әкелінеді. Ал өзгерістер енгізілгеннен кейін салмақ бойынша шектеу алынып тасталады. Енді тек құндық шектеу ғана сақталады – яғни 200 еуроға дейінгі бір тапсырыс бажсыз рәсімделеді. Бұл лимит әр тапсырысқа жеке қолданылады: сіз күніне бір рет не күнара тапсырыс берсеңіз де, әр жолы 200 еуро шегінде баж салығы төленбейді.

- Ал азаматтар декларацияны қалай және қайда тапсырады?  

- Бұл өзгерістерге сәйкес, «электрондық сауда операторы» деген жаңа ұғым енгізіліп жатыр. Яғни бұл – азаматтардың тапсырыстарын кеден органдарына декларациялауды жүзеге асыратын заңды тұлға. Егер жеке тұлға тауарды өзі декларациялауды қаласа, ол мұны Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелері арқылы өз бетінше жүзеге асыра алады.

- Бұл өзгерістер ұсақ бизнеске немесе қарапайым халыққа қалай әсер етеді? Үйде отырып, өзге елдерден еш қиындықсыз сауда жасайтын жұртқа қиындық туғызбай ма?  

- Біріншіден, интернет арқылы тапсырыс берілетін тауарлар тек жеке қолдануға арналған. Сол себепті оларды Еуразиялық экономикалық одақ аумағына әкелу нормаларына енгізген болатын. Ал ұсақ бизнесті жүргізетін тұлғалар жедел жеткізу арқылы декларациялау жүргізетін болса, Мемлекеттік кірістер органының тізіліміне электрондық сауда тауарларын рәсімдейтін оператор ретінде енгізіледі. Сондықтан бұл өзгерістер жеке тұлғалар үшін айтарлықтай қиындық тудырмайды деп ойлаймыз. Себебі бажсыз әкелінетін, яғни құны 200 еуроға дейінгі тауарларға қатысты қазіргі норма өзгеріссіз қалады.

Оқи отырыңыз: Алматы жеке кәсіпкерлік өнімдер көлемі бойынша көш бастап тұр

Новости партнеров