Жарты жылда экспорт пен экономикалық өсім айтарлықтай өсті
Елімізде жарты жылдың ішінде тауарлар экспорты едәуір артып, сыртқы сауда айналымы 66 миллиард доллар болған. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары - Экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі
Оның айтуынша, 7 айда экспорт 36,8 миллиард доллар болса, оның ішінде өңделген тауарлар 12,8 миллиард долларға саудаланыпты. Ал тауарлар импорты 29,1 миллиард доллар екен. Сондай-ақ ведомство басшысы 7 айда жалпы ішкі өнімнің 6,3 пайызға жеткенін жеткізді. Экономикалық өсімнің негізгі драйверлері - көлік, құрылыс және сауда саласы.
«Бұл бағыттағы жұмыс әсіресе, инвестицияны ынталандыру, өнімділікті арттыру және экономиканың шикізатқа жатпайтын секторын кеңейту есебінен жалғасуда. Осы жылғы қаңтар-шілденің қорытындысы бойынша экономикалық өсім 6,3 процентқа жетті. Нақты сектордағы өсім 8,3 процентті құрады. Қызметтер өндірісі 5,2 процентке өсті», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Вице-премьер экономиканы әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүріп жатқанын атап өтті. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 6,1 пайызға өскен. Сондай-ақ құрылыс саласы да ел экономикасында тұрақты өсім көрсетіп отыр. Биыл 9,4 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Одан бөлек, егіс және жиын-терім жұмыстарына алғаш рет рекордтық көлемде 700 миллиард теңге бөлінген. Вице-премьер агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға арналған мемлекеттік шаралар саланың тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
«Жыл сайын егіс және жиын-терім жұмыстарына арналған айналым қаражаты 5 пайыздық жеңілдікті мөлшерлемемен қаржыландырылады. Алғаш рет биылғы егіс алқаптары жұмыстарына рекордтық 700 миллиард теңге бөлінсе, отандық ауыл шаруашылығы техникасы лизингіне 250 миллиард теңге берілді. Егіс жұмыстарын қаржыландыру өткен жылдың қараша айында басталды», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Оқи отырыңыз: Алматыда әлеуметтік осал топтағы азаматтар тұратын үйдің қасбеті қайта жаңарды