Локализацияны тереңдету үшін өңдеу өнеркәсібіне кластерлік тәсіл енгізілуде
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында ел ішінде толыққанды өндірістік тізбектерді локализациялау мен құруды тереңдету үшін «салалық кластер» ұғымы енгізілгенін баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі UKIMET-ке сілтеме жасап.
Тетік отандық кәсіпорындарды зәкірлік өндірістердің айналасына шоғырландыруды көздейді. Онда қазақстандық шикізат жеткізушілердің, жиынтық бұйымдар өндірушілердің, шағын және орта бизнестің, ғылыми және сервистік ұйымдардың басын біріктіру қарастырылған. Кластерлік тәсілді сынақтан өткізу үшін пилоттық бағыттар ретінде автомобиль және теміржол машиналарын жасау салалары таңдап алынды.
«Елімізде аккумуляторлар, шиналар, мультимедиялық жүйелер мен орындықтар шығарылуда, сондай-ақ Qarmet компаниясы өндіретін отандық болаттан автобустардың шанақ бөлшектерін штамптау өндірісі жолға қойылды. Биыл жылыту, желдету және ауаны баптау жүйелерін, еден жабындарын және жүк автомобильдеріне арналған қозғалтқыштардың цилиндрлерінің блоктарын шығару басталды»,— деп атап өтті министр.
Одан бөлек, жыл соңына дейін Қостанайда қуаты 60 мың бірлікке дейін жететін автокомпоненттер өндірісін іске қосу, ал Алматыда электр сымдарын, тежегіштер және отын құбырларын локализациялау жоспарлануда. Теміржол машинасын жасау саласында бүтін түрінде жаймаланған дөңгелектерді, вагон осьтерін, бағыттама бұрмаларын және рельсті бекіткіштерді шығару жүзеге асырылады.