Үкімет басшысы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалуын бақылауды күшейтуді тапсырды.
Коммуналдық қызмет тарифтері жыл соңына дейін өспейді. Үкімет басшысы Олжас Бектенов осылай деп уәде беріп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл 9 айда ел экономикасы 6,3 пайызға өскен. Нақты сектор 8,1 процентке, қызметтер өндірісі 5,3 пайызға көбейген. Салалар арасында көлік қызметтері көш бастап тұрса, одан кейінгі орындарға құрылыс пен тау-кен өнеркәсібі жайғасқан. Ал өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс 6,2 процентке өсіпті. Құрылыс та қарқын алған. 9 айда 12,9 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
«Құрылыс саласында өсу 17 өңірде, Астана, Алматы қалаларында, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Түркістан облыстарында тіркелді. Құрылыс жұмыстары көлемінің төмендеуі Атырау және Абай облыстарында, Шымкент қаласында байқалды», – деді ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин.
Жыл басынан бері қазақ даласында 75,7 миллион тонна мұнай және газ конденсаты өндірілген. Биылғы жоспар 96,2 миллион тонна. Жүк тасымалы да артып, өткен жылмен салыстырғанда 9,1 пайызға көбейген. Ауылшаруашылығында да серпін бар.
«Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің өсімі 4,4 пайыз. Бұл өсім өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 5,2 пайызға, ал мал шаруашылығында 3,4 пайызға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.
Отырыста Үкімет басшысы экономиканы тұрақты дамыту үшін негізгі салалардағы өсім қарқынын одан әрі арттыру қажет екенін айтты. Сондай-ақ жауаптыларға инфляция деңгейін төмендету үшін ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп, азық-түлік тауарларын тұрақтандыру қорын жедел қалыптастыру міндетін жүктеді. Одан бөлек, тұтынушылық несие беру ісін тұрақтандыруға да назар аударды.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, тұтынушылық несие беру ісін тұрақтандыру бойынша батыл шаралар қабылдау қажет. Банктер мен несие беру ұйымдары, сауда нүктелері тауар бағасындағы бөліп төлеудің нақты құнын, сондай-ақ несиелеу кезіндегі барлық артық төлемді толық ашып көрсетуі тиіс», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы республикалық бюджеттің есебін де тыңдады. Қаржы министрі 9 айда мемлекеттік қазынаға 17,3 триллион теңге түскенін айтты. Жиын соңында Олжас Бектенов экономиканың тұрақты өсуі үшін мемлекеттік органдар, әкімдіктер мен бизнес қауымдастық жанын салып жұмыс істеуі тиіс екенін баса айтты. Ал өзінің орынбасарларына әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалуын бақылауды күшейтуді тапсырды.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген
Оқи отырыңыз: Астанада жасөспірімнің үстіне бетон плитасы құлап, көз жұмды