Тамызда 40 мыңнан астам сату-сатып алу мәмілесі тіркелген
Елімізде биыл тамызда тұрғын үй нарығында 40 мыңнан астам сату-сатып алу мәмілесі жасалған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,2 пайызға көп. Демек сұраныс едәуір ұан деп хабарлайды Almaty.tv.
Биыл алдыңғы жылдарға қарағанда тұрғын үй нарығында сұраныс көп. Оған сандар дәлел бола алады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл тамызда 40 мыңнан астам сату-сатып алу мәмілесі тіркелген. Оның 9 мыңға жуығы жеке үйлер болса, 31 мыңнан астамы көппәтерлі тұрғын жай.
Айта кетейік, нарықтағы жаңа баспаналар үлесі 9 пайызға азайған. Бұл қолданыстағы пәтерге деген сұраныстың жоғары екенін байқатады. Ал бағаларына тоқталар болсақ, жылдық мәнде өңірлер бөлінісінде алғашқы нарықтағы тұрғын үйлер Ақтөбе қаласында 7,9 пайыз, Талдықорғанда 7,2 пайыз және Қызылордада 7,1 пайызға қымбаттаған. Ал екінші нарықтағы үйлер арасында қымбатшылық қысқан өңірлер ішінде Атырау (17,3%) және Астана (12%) қалалары көш бастап тұр. Жыл санап жылжымайтын мүлікке сұраныс артқанымен, бағасы төмендемей тұр
Сарапшылардың пікірінше, өткен жылмен салыстырғанда биыл тұрғын үй бағалары төмен. Дегенмен, ай сайын жылжымайтын мүлік бағасында өсім байқалады. Сала мамандары мұны инфляциялық процесстермен байланыстырып отыр. Ең алдымен құрылыс материалдарының қымбаттауы әсер еткен. Себебі еліміз материалдардың 65 пайызын шет мемлекеттен сатып алады.
"Менің ойымша, жыл соңына дейін үйдің бағасы айына 1-2 пайызға қымбаттап отырады. Бұл ел экономикасына айтарлықтай әсер етеді деп айту қиын. Себебі жаңа жылға дейін баспаналар ең көп дегенде 3-5 пайызға қымбаттайды", – деді Алматы қаласы бойынша Құрылысшылар одағының басшысы Тимур Нұртаев.
Сарапшылар бағаның тұрақталуы кейбір ипотекалық бағдарламалардың жабылуына байланысты деп атап өтті. Алайда нарықтағы жағдайға байланысты бәрі әп сәтте өзгеріп кетуі мүмкін.
Оқи отырыңыз: Съезде алдағы 10 жылдықта атқарылатын жұмыс жоспары талқыланды