Қазақстанның логистика саласындағы көшбасшылық рөлі жылдан жылға артып келеді. Шетелдік сарапшылардың айтуынша, еліміз арқылы тасымалданатын тауар көлемі 2030 жылы 3 есеге дейін өседі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Еуразия аумағындағы негізгі транзиттік хабқа айналуымызға себеп бар. Қазақстансыз Еуразияның тауар тасымалын елестету мүмкін емес. Еліміздің географиялық орналасуы және көрші елдермен достық қарым-қатынасы логистика саласындағы рөлімізді арттырып отыр. Былтырдың өзінде біздің ел арқылы тасымалданған жүк көлемі 7,1 процентке өскен.
Биылдың алғашқы айларында Қазақстан экономикасы 6 пайызға өсті. Бұл – соңғы 12 жылдағы ең жақсы көрсеткіш. Жалпы ішкі өнімге пайда алып келген салалар ішінде тауар айналымының үлесі зор. 2024 жылы Қазақстан арқылы тасымалданған тауар көлемі 34,6 миллион тоннаға жеткен. Оның 27,5 миллионы темір жол арқылы жеткізілген. Ал 2030 жылы 100 миллион тоннаға дейін артады деген болжам бар. Себебі аспан асты елімен жүк пойыздарының санын 600-ден 3 мыңға дейін жеткізу туралы келісім жасалды. Орта Азия елдерінің экономикасында Қытай сынды алыптың орны бөлек. Ал Қазақстан - бұл ретте алтын көпір іспеттес. Биыл 13 мың шақырымға жуық автомагистраль мен 6 мыңға тарта пойыз жолы жаңартылады. Оған теңіз жолын жандандыруға қатысты екі жобаны қосыңыз. Бүгінде темір жол саласында құны 2 трлн теңгені құрайтын 5 жоба іске асып жатыр. 2029 жылға дейін 11 мың шақырымдық шойын жол жаңартылмақ.
«Біз халықаралық тасымал бойынша жұмыс істейміз. Ресей, Қазақстан, Қырғызстан. Егер Ақтау мен Астана арасындағы жол жасалса, 800-900 шақырым қысқарады. Бұл 8 сағат үнемделеді деген сөз. Яғни, Ақтау портына келген тауарлар елордаға жылдам жетеді. Ал жаңа темір жолдар салынса, бұл тіпті ыңғайлы болар еді. Контейнерлерді тасымалдау тиімділігі артады. Сапалы жолдардың салынуы бұл қай жағынан алып қарасақ та, пайдасы ұшан-теңіз», – деді логистикалық компания өкілі Екатерина Баринбойн.
Еліміз әуе жолдарының жаңғыруына да күш салып жатыр. Биыл бірнеше жаңа бағыт бойынша ұшақтар ұша бастайды. Мысалы Будапешт, Гуанчжоу, Мюнхен, Пусан, Рим және Шанхай қаларына. Ал келер жылы АҚШ-ға тікелей рейстер ашылады. Теңіз жолдарын дамыту бойынша да ауыз толтырып айтатын жобалар бар. Тауар айналымының артуына 17 кеме мен 4 паромның қосар үлесі зор.
Оқи отырыңыз: Еліміздегі ауылдар сапалы интернетке қашан қосылады