Мектептер мен ауруханаларда энергия үнемдеу талаптары күшейтілуі мүмкін
Энергияны шамадан тыс пайдаланған кәсіпорындарға айыппұл салу тетігі де қарастырылған
Елде мектептер, ауруханалар мен балабақшаларда энергияны үнемдеу талаптары күшейтілуі мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.
Құрылтай тиісті заң жобасын қарады. Құжатта әлеуметтік маңызы бар 5 мың нысанға энергетикалық тексеру жүргізу көзделген. Оның қорытындысы бойынша энергия тиімділігін арттыру жөнінде ұсынымдар әзірленеді.
Депутат Арман Қалықовтың айтуынша, қазір энергия үнемдеу талаптары негізінен ірі өнеркәсіптік және энергетикалық кәсіпорындарға қолданылады. Ал бюджеттік мекемелер бұл жүйемен толық қамтылмаған.
Сонымен қатар мемлекеттік ғимараттарда энергия тұтынуды бақылау және үнемдеу шараларын дамыту ұсынылып отыр. Бұдан бөлек, энергияны шамадан тыс пайдаланған кәсіпорындарға айыппұл салу тетігі де қарастырылған.
«Ұсынылған заң жобаларын қабылдау мемлекеттік реттеудің қолданыстағы тетіктерін жетілдіруге, өнеркәсіпте және бюджеттік секторда энергия үнемдейтін технологияларды қолдануды кеңейтуге, энергетикалық сервистер нарығын дамытуға жағдай жасауға және түптеп келгенде, еліміздің энергетикалық ресурстарын неғұрлым ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді ҚР Құрылтай депутаты Арман Қалықов.