Мемлекет кәсіпорындардың өндірісті жаңғырту шығындарының бір бөлігін өтеді

28.08.2026 17:56

Мемлекет кәсіпорындардың тиісті шығындарының 40-50%-ын өтеген

Аlmaty.tv

Қазақстанда кәсіпорындардың өндірісін жаңғыртып, еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындарының бір бөлігі мемлекет тарапынан өтеледі. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында осы мақсатқа жалпы 418,7 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді, деп хабарлайды Almaty.tv 

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен хабарлағандай, мемлекет кәсіпорындардың тиісті шығындарының 40-50%-ын өтеген. Қолдау машина жасау, металлургия, агроөнеркәсіптік кешен, жеңіл және химия өнеркәсібі, фармацевтика, сондай-ақ ағаш өңдеу салаларындағы кәсіпорындарға берілді.

Қаражаттың негізгі бөлігі – 416,1 млн теңге – технологиялық жабдықтар сатып алуға, цифрлық шешімдерді енгізуге, қызметкерлерді оқытуға және өндірісті дамытуға қатысты басқа да шығындарды өтеуге бағытталды.

Қолдауға қатысты өтінімдердің басым бөлігі Шымкент пен Алматы қалаларынан, сондай-ақ Қарағанды, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарынан түскен.

Өнімдерді нарыққа шығаруға да қолдау бар

Мемлекет QazIndustry арқылы отандық өнімдерді нарықта ілгерілетуге жұмсалған шығындардың бір бөлігін де өтейді.

Оның ішінде халықаралық сертификаттау, зертханалық сынақтардан өткізу және өнімдерді сәйкестендіру құралдарын сатып алу шығындары қамтылады. Мәселен, аяқ киім өнімдерін таңбалауға арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алуға кеткен шығындар да өтеледі.

2026 жылдың сегіз айында бизнес субъектілеріне осы бағыт бойынша 2,5 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды.

Өңдеу өнеркәсібіне арналған жаңа қолдау шаралары

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өңдеу секторын қолдаудың жаңа тетіктерін де енгізді.

Енді кәсіпкерлердің басымдық берілген тауарларды Қазақстан аумағында теміржол арқылы тасымалдауға жұмсаған шығындарының 50%-ы өтеледі.

Жалпы, мемлекеттік қолдау шаралары кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттырып, жаңа технологияларды енгізуіне және өнім сапасын жақсартуына мүмкіндік береді. Сонымен бірге отандық тауар өндірушілердің ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 7,7 млн тонна астық жиналды

Толық көрсету