Цифрлық теңге цифрлық қаржы сервистерін дамыту құралына айнала алады
Цифрлық теңге цифрлық қаржы сервистерін дамыту құралына айнала алады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
"Токенизация нарығы мен криптоиндустрияның белсенді дамуы аясында алаяқтықтың жаңа түрлері пайда болуда. Осы айда Қаржылық мониторинг агенттігі криптовалюта түрінде шағын несие беру деген желеумен жүргізілген заңсыз әрекеттің жолын кесті. Уәкілетті органдар алдағы уақытта да азаматтарды цифрлық ортада қорғауды қамтамасыз етуі қажет. Бұған жаңа Конституцияда кепілдік берілген", - деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, Жасанды интеллект министрлігі Ұлттық банкпен бірлесіп, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және осы саладағы заңнаманы жетілдіру бағытында белсенді жұмыс жүргізуге тиіс.
"Сонымен қатар аса маңызды бағыттардың бірі – цифрлық теңгені қолданысқа енгізу. Бұл жоба төлем инфрақұрылымын жаңғырту және қаржы жүйесінің тиімділігін арттыру құралы ретінде жүзеге асырылуда. Цифрлық теңгенің криптовалюталардан айырмашылығы, ол – Ұлттық банк шығаратын орталықтандырылған цифрлық валюта, яғни заңды төлем құралы. Сондықтан мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру цифрлық теңгені қолданудың маңызды нәтижесі болуға тиіс. Цифрлық теңге цифрлық қаржы сервистерін дамыту құралына айнала алады. Цифрлық шарттарды бекіту мүмкіндігі мемлекеттік сатып алулар мен корпоративтік операцияларда есеп айырысу үдерістерін автоматтандыруға жол ашады. Қаржы министрлігі Ұлттық банкпен және басқа да мүдделі тараптармен бірлесіп, цифрлық теңгені қолдану аясын кеңейту үшін барлық қажетті шараларды пысықтауы қажет, - деді Үкімет басшысы.
Оқи отырыңыз: Цифрлық активтер және төлем жүйелері комитеті құрылады – Үкімет