Олжас Бектенов Душанбеде өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтері басшылары кеңесінің отырысына қатысты

20.10.2026 14:28

ШЫҰ-ның елеулі экономикалық, адами және ресурстық әлеуеті бар беделді халықаралық құрылым ретінде орныққаны атап өтілді

Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов Душанбе қаласында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер делегацияларының басшыларымен ұжымдық кездесуіне және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтері басшылары кеңесінің (ҮБК) шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстарына қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

ШЫҰ кеңесі отырысының жұмысына Беларусь, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан үкіметтерінің басшылары мен өкілдері, сондай-ақ кеңейтілген құрамға төрағалық етуші елдің қонақтары ретінде Моңғолия мен Түрікменстан өкілдері, ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органдары мен қоғамдық ұйымдарының басшылары қатысты.

Шағын құрамда өткен отырыста ШЫҰ қызметін жетілдіру шеңберінде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды дамыту мәселелері бойынша пікір алмасылды. ШЫҰ елдері экономикаларының ауқымы, географиялық орналасуы және өндірістік қуаттарды өзара толықтыруға болатыны анағұрлым батыл міндеттер қоюға мүмкіндік беретіні атап өтілді. Тұрақты өндірістік тізбектерді қалыптастыруға, бірлескен индустриялық жобаларды іске қосуға, өзара көлік байланысын нығайтуға назар аударылды. Қазақстандық тарап энергетикалық ынтымақтастықты дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясын жүзеге асыру, ШЫҰ елдерінің су проблемаларын талдау орталығын құру, энергетикалық және су қауіпсіздігі мәселелерін көтерді.

ШЫҰ ҮБК-нің кеңейтілген құрамдағы отырысында экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, оның ішінде халықаралық әріптестердің әлеуетін пайдалану мәселелері қаралды. Іскерлік кеңес пен Шанхай ынтымақтастық ұйымы банкаралық бірлестігінің 2025-2026 жылдардағы қызметі туралы баяндама тыңдалды.

ШЫҰ-ның елеулі экономикалық, адами және ресурстық әлеуеті бар беделді халықаралық құрылым ретінде орныққаны атап өтілді. Халықаралық жағдай үлкен қарқымен өзгеріп жатқан тұста мемлекеттердің жаңа жағдайға уақтылы бейімделе алуы ерекше маңызға ие.

«Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен елді саяси және экономикалық жаңғырту жөніндегі кешенді бағдарламаны жүзеге асыруда. Биыл шілде айында Әділетті және Күшті Қазақстанды құруға бағытталған жаңа Конституция күшіне енді. Мемлекеттеріміздің жүйелі түрде дамуы бүкіл Шанхай ұйымының әлеуетін нығайта түседі. ШЫҰ-ның экономикалық мүмкіндіктері өте зор. Біздің өңіріміз – ірі өндірістік, энергетикалық, азық-түлік және тұтыну нарықтарын қамтитын әлемдік экономиканың негізгі тораптарының бірі. Елдеріміздің күш-жігерін біріктіру сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейтуге қосымша серпін беретініне сенімдімін», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Оқи отырыңыз: Елімізде 136,5 мың жеңіл автокөлік шығарылды

Толық көрсету