Олжас Бектенов су саласын цифрландыру міндеттерін белгіледі

13.01.2026 12:05

Depositphotos.com

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов биылғы вегетациялық кезеңде су тапшылығы 1 млрд текше метрге дейін жетуі мүмкін деген болжамға сәйкес су үнемдеу технологияларын енгізудің, әсіресе ауыл шаруашылығындағы маңыздылығын атап өтті. 

Су ресурстарын ұтымды пайдалану үшін, әсіресе ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу – аса маңызды мәселе, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында мемлекеттік органдарға су саласын цифрландыру жұмыстарын жандандыру тапсырылды. Бірінші кезекте осы жылдың соңына дейін жерүсті және жерасты су көздері туралы деректерді біріктіретін су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын құру керек. Аталған жобаны іске асыру Ұлттық су балансының картасын қалыптастырып, гидрогеологиялық мониторингті жүргізуге мүмкіндік береді.  Сонымен қатар суару каналдарын цифрландыру жұмыстарын жалғастырған жөн.

Сондай-ақ біздің алдымызда әлемдік озық тәжірибелерді қолдана отырып, қалалық су каналдарының өндірістік процестерін толық автоматтандыру және цифрландыру міндеті тұр. Бастапқы су көзінен бастап соңғы тұтынушыға дейін суды толық бақылауды қамтамасыз ету қажет. Барлық жұмыс сапалы әрі уақтылы жүргізілуге тиіс, — деп атап өтті Олжас Бектенов.