Өңірлік стандарттар жүйесі әдістемесін қайта қарау қажет - сенатор

20.11.2025 19:35

Сенаторлар өңірлерге бөлінетін қаржыдан бөлек, республикалық бюджетті де талқылады

«Жаңа Бюджет кодексі аймақтар арасындағы қаржыны әділ бөлуге ықпал ете алмады». Бүгін үш жылдық республикалық және облыстық бюджетті қараған сенаторлар осылай деп отыр. Депутаттар өңірлік стандарттар жүйесінде нақты жағдай көрсетілмеген, Үкімет аймақтардағы ахуалға объективті баға бермеген деп ашынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сенаторлар жақында ғана Мәжілістен келген «жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заңды» Мәжіліске кері қайтарды. Өйткені, құжатқа олардың көңілі толмайды. Үкімет аймаққа келгенде ақшаны аз бөліп, үнемдеп қалған. Мәселен, 2026 жылы республикалық бюджеттен өңірлерді дамытуға небәрі 1,7 триллион теңге қарастырылған. Депутат Бекбол Орынбасаров «даму бюджетінің» қысқаруы салдарынан іске асып жатқан жобалар тоқтап қалуы мүмкін деп алаңдап отыр. Ол Үкіметке мұндай тәуекелдер туындаса, тығырықтан қалай шығасыздар деп сауал тастады.

«Қаражат жетпесе жергілікті атқарушы орган арыз жазады. Бізде бюджеттік комиссия оны қарап, қосымша трансферттер республикалық бюджеттен береміз. Ол механизм бар, сақталды. Бірақ қосымша айтайын 1,7 триллион теңге дегеніңіз тек 2026 жылдағы басталған және жалғастырылып жатқан жобаларға арналған. Оның барлығын аяқтау керек», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Сенатор Серік Шайдаров өңірлік стандарттар жүйесін есептеу әдістемесінде облыстардың қажеттілігін нақты көрсетілмеген деп отыр. Мәселен, 2026 жылға Ұлытау облысына 139 миллиард теңге субвенция берілуі тиіс болған. Алайда тек 59 миллиард теңге қарастырылыпты. Сенатор бұл қаржы 2025 жылғы деңгейден өзгермеген деп ашынды.

«Объективті баға берудің орнына сандармен ойнау байқалады. Өкінішке қарай, есептеулерде мұндай күмәнді көрсеткіштер әлі де бар. Сондықтан өңірлік стандарттар жүйесі әдістемесін қайта қарау қажет деп санаймыз. Тіпті қазіргі есептеулер бойынша, елімізде барлық өңірдің стандарттар жүйесін 100 пайызға жеткізу үшін 26 триллион теңге қажет», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Шайдаров.

Сенаторлар өңірлерге бөлінетін қаржыдан бөлек, республикалық бюджетті де талқылады. Өз кезегінде депутат Нүрия Ниязова неліктен Үкімет тапшылықты утильалым мен ақылы жолдардан түсетін қаражатпен толтырмай отырғанын сұрады. Қаржы вице-министрі бұл түсімдердің әрдайым ескеріліп, бюджет қалыптастыру кезінде назарға алынатынын айтты.

«2026 жылдан бастап жаңа Бюджет кодексінің енгізілуіне байланысты Экономика министрлігі мен Қаржы министрлігіне парафискалдық төлемдерді жыл сайын талдау міндеті жүктелді. Бұл бізге түсімдердің сақталуы, жойылуы не бюджетке берілуі сияқты мәселелер бойынша шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Әрине, біз тиімділік, ашықтық және мемлекет мүддесі негізінде әрекет етеміз. Яғни, осы бағыттағы ауқымды жұмыс келесі жылдан бастап жүргізіледі», – деді ҚР Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы

Олжас Бектенов бастап, министрлер кабинеті түгел қатысқан Сенаттағы жиын үш сағатқа созылды. Бюджетті талқылау кезінде түрлі сауалдар жолданып, сандар айтылды. Жоғарғы палата депутаттары құжатқа 77 түзету енгізіпті. Отырыс соңында Сенаторлар заңның кейбір баптарын мақұлдамай, Мәжіліске кері қайтарды. 

Аршат Әділжанқызы,  Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Армения премьер-министрі Никол Пашинян Астанаға келді

Теги: сенатор