Орталық Азияның бизнес хабы: Алматыға құйылған тікелей шетелдік инвестиция 8,5 миллиард долларға жетті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы бүгінде жоғары инвестициялық белсенділігін сақтап, Орталық Азиядағы бизнесті тартатын негізгі алаңдардың біріне айналып келеді. Өткен жылы мегаполиске салынған қаржы көлемі рекордтық көрсеткішке жетті. Бұрын инвестицияның негізгі бөлігі құрылыс секторына тиесілі болса, бүгінде жабдықтар саудасы мен технологиялық жаңғырту салаларында оң динамика байқалады, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Алматының инфестициялық көрсеткіштері көз қуантады. Өткен жылы инвесторлар қалымызға  2,3 трлн теңге құйды. Бұл – негізгі капиталға салынған қаржы көлемі. Ал тікелей шетелдік инвестиция көлемі 8,5 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұдан халықаралық бизнес қауымдастықтың бізге деген сенімінің мол екенін аңғару қиын емес.

Шетелдік инвестицияның негізгі бөлігі көтерме және бөлшек сауда саласына, соның ішінде автомобиль мен мотоциклді жөндеуге бағытталды. Жұмсалған қаржы 4 млрд АҚШ доллары. Одан кейін қаржы және сақтандыру қызметі – 1,3 млрд доллар, ақпарат және байланыс саласы – 1,2 млрд доллар, сондай-ақ көлік және қойма саласы. Оған құйылған қаржы  646 млн доллар көлемінде болды. Өзге ел кәсіпкерлерінің нарыққа қызығушылығының басты себебі – дамыған инфрақұрылым, қаланың тиімді орналасуы және мемлекеттің қолдауы.

«Қалаға шетелдік инвестициялар негізінен Ресей, Нидерланд, Оңтүстік Корея, Бельгия және Қытай серіктестері есебінен қамтамасыз етіледі. Биыл да қаладағы инвестициялық белсенділік сақталуда. Қаңтар-наурыз айлары аралығында инвестиция көлемі 373 млрд теңге болды», – деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бас маманы Наргиз Қайнарбекова.

Ең жоғары өсімдердің бірі ақпараттық технология және байланыс бағытында тіркелді. Ақпанда шамамен 39 млрд теңге немесе бір айдағы жалпы инвестиция көлемінің 30%-дан астамы осы салаға тиесілі. Қала экономикасының қарқынды өсуінің негізгі драйверлерінің бірі – Алматы Индустриялдық аймағы, ондағы кәсіпорындардың ашылуы және жаңа жұмыс орындардың пайда болуы. Бүгінде бұл аймақта 21 мыңға жуық адам еңбек етеді. Былтыр 225 млрд теңге тұратын 14 жоба жүзеге асырылған. Бизнеске үлкен қолдау білдіріп жатқан бағдарламалардың бірі – Almaty Business. Сондай-ақ қаланың инвестициялық және экономикалық тұрақтылығының негізі – бизнеске салықтық әрі кедендік жеңілдіктер ұсынатын «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы. Дәл осы бағыттан таймасақ, Алматы Орталық Азиядағы бизнесті тартатын негізгі алаңдардың біріне айналары сөзсіз.

Оқи отрыңыз: Елімізде заңсыз қоқыс орындарының саны бес жылда екі еседен астам азайды

Новости партнеров