Тәртіп сақтаған сотталғандардың жаза мерзімі қысқарады: Сенат заңға өзгерістер енгізді

Сенаторлар сайлау комиссияларын құру тәртібіне қатысты түзетулерді де қарады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Егер сотталған адам бір жыл бойы тәртіп бұзбаса, оның жаза мерзімі 1 айға қысқартылады. Сондай-ақ кейбір тұтқындарға жылына екі рет қысқа мерзімге түзеу мекемесінен шығуға рұқсат етілмек, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Жоғары палата жаңа Конституцияға сәйкес бірқатар заң мен кодекске өзгерту мен толықтырулар енгізді. Соның бірі – түрмеде жазасын өтеп жатқандарға қатысты. Енді кәмелет жасқа толмаған баласы бар сотталған әйелдер мен 18 жасқа толмаған перзентін жалғыз тәрбиелеп отырған ер адамдар жылына екі рет қысқа мерзімге түзеу мекемесінен шығып, бауыр еті баласымен кездесе алады. Сондай-ақ олармен телефон арқылы да сөйлесуге мүмкіндік беріледі.

«Кішкентай балалары бар аналар мен әкелер балаларын көргісі келеді. Балалар өсіп жатыр. Оларға әкесінің де, анасының да қолдауы керек. Сондықтан осындай баланың мүддесін ойлау негізінде бұл тетік енгізілді. Ал екіншіден телефонмен сөйлесу өзіңіз білесіз өте қиын. +Осындай ерекше топтағы балалары бар азаматтар қазір телефонмен сөйлесе алады», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанна Асанова

Сондай-ақ егер сотталған адам бір жыл бойы түзу жүріп-тұрса, ереже, тәртіп бұзбаса, оның жазасының мерзімі 1 айға қысқартылады. Сенатор Марат Қожаев бұл бастама олардың болашақта қоғамға қайта бейімделуі үшін жасалып жатыр дейді. Сондай-ақ ол бұл талап барлық істі болғандарға бірдей қолданылмайтынын жеткізді. Мәселен педофилия, ауыр қылмыстар және террористік-экстремистік сипаттағы құқық бұзушылық жасаған адамдарға мұндай нормалар жүрмейді.

«Бұл шара Колонияда отырған адамдар заңдылықты, тәртіпті сақтау үшін, ертеңгі тәрбиесін қоғамның талабына сай қалыптастыру үшін атқарылып жатыр..Бір жылдың ішіндей ешқандай заң бұзушылық жасамаса, 1 айы қысқарады», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Марат Қожаев.

Түзетулердің тағы бір блогы инвесторлардың құқығын қорғауға арналған. Енді олардың құқығын қорғау күшейтіледі. Ол үшін шетелден келген кәсіпкерлер арнайы тізілімге енгізіліп, прокуратура тарапынан қосымша қорғалатын болады. Қазірдің өзінде реестріне 3 мыңнан астам инвестор енгізілген.

«Егер инвестиция сомасы 150 000 айлық есептік көрсеткіштен асып кетсе, бұл шамамен 1,1 миллион доллар, онда олар ұлттық пулға кіреді. Ал төменгі шек шектеусіз және жергілікті атқарушы органдардың құзіретіне берілген. Яғни кез келген инвестор өтінім бере алады және ол тиісті әкімдік деңгейінде қаралады», – деді Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Арман Хасенов.

Сенаторлар сайлау комиссияларын құру тәртібіне қатысты түзетулерді де қарады. Құжатта сайлаушылардың бастамасымен мәслихат депутатының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібі заңмен реттелетіні жазылған. Депутаттар мұндай өзгеріс құқықтық олқылықтарды жоюға мүмкіндік беріп, халықтың сайланбалы билік органдарына деген сенімін арттырады деп отыр.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Орталық Азияның бизнес хабы: Алматыға құйылған тікелей шетелдік инвестиция 8,5 миллиард долларға жетті

Новости партнеров