Үкімет Риддердің жылу жүйесінің сенімділігін арттыруға 1,8 млрд теңге бағыттайды

04.05.2026 12:21

Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды

Almaty.tv

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында Үкімет Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласындағы жылу желілері мен ЖЭО жабдықтарын жөндеуге резервтен шамамен 1,8 млрд теңге бөлді, — деп хабарлайды Almaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған құжатқа сәйкес, бұл қаражат қаланы жылумен қамтудың сенімділігін арттыруға және инфрақұрылымды 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындауға жұмсалады. Бөлінген қаржы есебінен жылу желілерінің барынша тозығы жеткен 12 учаскесін, сондай-ақ Риддер ЖЭО-дағы №5 және №6 қазандық агрегаттарын күрделі жөндеу жобалары аяқталады.

Жұмыстарды жүргізу қажеттілігі техникалық тексеру нәтижелерімен расталды. Мамандар жылу жүйесінің тұрақты жұмысы үшін бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін учаскелер мен жабдықтарды анықтады. Өткен жылыту маусымында кейбір учаскелерде зақымданулар мен тозу белгілері байқалып, бұл оларды жоспарлы түрде жаңарту қажеттігін дәлелдеді.

Қазандықтар мен жылу желілерін жөндеу жылу жүйесі жұмысының тұрақтылығын арттырып, қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Алматыда бизнес пен медиа өкілдері бас қосқан креативті индустриялар префорумы өтті