Шомылу маусымы: Алматыда қай жерде шомылуға болады

04.05.2026 13:10

Қалада ресми шомылу маусымы жыл сайын 1 маусымда басталады

Almaty.tv

Алматы мен оның тау бөктерінде  44 су айдыны бар. Оның тоғызы шомылуға қауіпті деп танылған. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағының сүңгуір-құтқару бөлімшесінің басшысы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv

Андрей Быбченконың айтуынша, мегаполисте тек 4 орында шомылуға рұқсат берілген. Атап айтқанда, Сайран көлінің батыс және шығыс жағалауы, «Гүлдер» демалыс аймағы және Дінмұхамед Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы бойындағы Баум тоғайының жағажайы.

Айта кетейік, қалада ресми шомылу маусымы жыл сайын 1 маусымда басталады.

«Су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы дайындық жүргізіп жатырмыз. Өкінішке қарай, демалушылардың көбі ескерту белгілеріне мән бермейді, тау өзендерінің қатты ағысын да ескермейді. Ал егер біреудің суға батып бара жатқанын байқасаңыз, ең алдымен сабыр сақтаған дұрыс. Дереу жедел қызметке хабарласу қажет», – деді ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағының сүңгуір-құтқару бөлімшесінің басшысы Андрей Быбченко. 

Айта кетейік, шомылу маусымына дайындық биыл да қызу. Мәселен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында шомылуға болмайтын аумақтарда 98 тыйым салу белгісі мен 50 ескерту тақтайшасы орнатылған. Жеті қауіпті учаскеде жағдайды тәулік бойы бақылауға мүмкіндік беретін интеллектуалды бейнебақылау камералары іске қосылған. Құтқарушылар азаматтарды рұқсат етілген орындарда ғана суға түсуге шақырып, арнайы жабдықталмаған жерлерден аулақ болуға үндейді.

Оқи отырыңыз: Үкімет Риддердің жылу жүйесінің сенімділігін арттыруға 1,8 млрд теңге бағыттайды