Президент: Инфляциямен жүйелі түрде күресу қажет

28.10.2026 13:50

Мемлекет басшысының айтуынша, макроэкономикалық саясатты мұқият ойластырып жүргізген жөн

Depositphotos.com

Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Ұлттық банкке инфляцияны тежеп, төмендетуді тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Оның сөзінше, макроэкономикалық саясатты мұқият ойластырып жүргізген жөн.

"Соңғы жылдары Үкімет бюджет пен салық жүйесін толығымен қайта қарады. Бірақ мемлекеттік саясаттың тиімділігі, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатына, экономикалық белсенділігіне қарап бағаланады. Сондықтан біз үшін ең маңызды мақсат — халықтың табысын ұлғайту. Ол үшін бірінші кезекте инфляциямен жүйелі түрде күресу қажет. Инфляцияны, бейнелеп айтқанда, азаматтарымыздың әл-ауқатына күн сайын нұқсан келтіріп отырған үнсіз жау деуге болады", — деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, ол бағаның өсу қарқыны біршама бәсеңдегенін атап өтті. Дегенмен, инфляция деңгейі әлі де жоғары.

"Сондықтан, ең алдымен, Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеуі керек. Инфляцияны тежеп, төмендету қажет. Бұл — аса маңызды міндет. Үкімет бюджет және салық саясатын барынша байыпты жүргізуі керек. Сондай-ақ экономиканың өндірістік әлеуетін күшейтіп, бизнестің өнімділігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау қажет", — деді Президент.

Оқи отырыңыз: Мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс - Мемлекет басшысы
 

Толық көрсету