2030 жылға дейін 200 нысан жаңартылып, 86 мың шақырым инженерлік желі модернизациядан өтеді

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Электр өндіру соңғы алты жылда 16 млрд кВт сағатқа артты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан энергетикасы терең жаңғыртудан өтеді: 2030 жылға дейін 200 нысан реконструкцияланып, 86 мың шақырым желі жаңарады. Президент электр өндіру соңғы алты жылда 16 млрд кВт сағатқа артқанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақстан энергетика саласында ауқымды жаңғыру басталды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің энергетикалық инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жиында мәлімдеді. Президенттің айтуынша, 2030 жылға дейін кемінде 200 энергетикалық нысанға реконструкция жасалып, 86 мың шақырым инженерлік-коммуналдық желі жаңартылады. Бұл жұмыс «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асады.

Мемлекет басшысы инфрақұрылымды тұрақты деңгейде ұстап тұру үшін іске қосылған «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының тиімділігін атап өтті. Соның арқасында соңғы үш жылда кәсіпорындардың күрделі жөндеу жұмыстарына 900 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартылған.

Президент Үкіметке елдің энергетикалық әлеуетін үздіксіз арттыруды тапсырды. Оның айтуынша, Қазақстан экспорттық әлеуеті жоғары энергетикалық державаға айналуы тиіс.

Электр өндіру айтарлықтай артты

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Соңғы алты жылда электр энергиясын өндіру көлемі 16 млрд кВтсағатқа көбейген. Бұл — өндірісі дамыған Қарағанды облысының бір жылдық тұтынуымен шамалас көрсеткіш.

Бүгінде еліміздің электр энергиясы жүйесінде жалпы қуаты 25 ГВт болатын 237 электр станциясы бар. Алайда нақты қолданыстағы қуат көлемі – 21 ГВт. Президенттің айтуынша, жүйелі реформалардың арқасында энергия нысандары мен инженерлік желілердің орнықтылығы айтарлықтай артқан. Өткен жылы жылыту маусымында технологиялық ақаулар 27 пайызға қысқарған. Тоғыз жылу электр орталығы тәуекелдің «қызыл» аймағынан шығып, үш станция «жасыл» аймаққа өтті.

Энергетика саласын түбегейлі жаңғырту қажет

Президент Қазақстанның қарқынды дамып, цифрландыру дәуіріне еніп жатқанын айтты. Елде жаңа өндіріс орындары ашылып, жасанды интеллектке негізделген жобалар іске асырылуда. Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылып, жақында америкалық технологиямен жасалған суперкомпьютер іске қосылды. Сонымен бірге жаңа дата-орталықтар салынып, «бұлтты» инфрақұрылым қалыптастырылады.

Осының барлығы энергетика жүйесіне қосымша жүктеме түсіретіні анық. Сондықтан Мемлекет басшысы энергетика саласын түбегейлі модернизациялау – стратегиялық міндет екенін атап өтті.

Новости партнеров