Президент Шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық отырысын өткізді

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы еліміздің минералды-шикізат қоры мол екенін жеткізді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларға ілтипат білдіріп, Кеңестің инвестициялық климатты жақсартуға қатысты мәселелерді талқылайтын маңызды диалог алаңына айналғанын атап өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық менеджментті дамыту институтының (IMD) мәліметіне сүйене отырып, еліміз әлемдегі бәсекеге қабілетті 35 мемлекеттің қатарына қосылғанын айтты.

– Біз 2029 жылға қарай шетелден қосымша 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тартамыз деген өршіл мақсат қойдық. Бұл міндетті іске асыру үшін Үкімет жанындағы Инвестициялық штабқа туындаған проблемаларды жедел шеше алатын құзырет берілді. Биыл мамыр айында ұлттық экономиканы ырықтандыруға негіз қалаған Жарлыққа қол қойдым. Біз елімізде инвесторлардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі шаралар қабылдауды жалғастыра береміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еліміздің минералды-шикізат қоры мол екенін жеткізді. Сондай-ақ геологиялық барлау және пайдалы қазбаларды игеру саласындағы үдерістердің тиімділігі мен ашықтығын арттыру шаралары жөнінде мәлімет берді. Президенттің айтуынша, Қазақстан соңғы алты жылда геологиялық барлауға 1 миллиард доллардан астам жеке инвестиция тартқан.

Қазір еліміздегі 1,6 миллион шаршы шақырымға жуық аумаққа геологиялық зерттеу жүргізу үшін жер қойнауын пайдалану құқығын алуға болады.

– Жақында қабылданған 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары жергілікті өндірушілерге тың мүмкіндік ұсынады.  Жалпы сомасы 86 миллиард доллардан асатын 200-ге жуық ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылмақ. Үкімет жергілікті өндірушілерден офтейк-келісімшарттар арқылы сатып алуға арналған тауарлар тізімін жасақтап жатыр. Өнеркәсіп өркендеуі үшін жоғары білікті жұмысшылар қажет. Сондықтан мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Біз Қазақстандағы кәсіптік-техникалық білім беру сапасын арттыруға, сондай-ақ тиісті инфрақұрылымды дамытуға ниетті инвесторларды іздейміз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика секторындағы жағдайды айта келе, ел дамуында халықаралық мұнай компаниялары маңызды рөл атқарғанына айрықша тоқталды.

– Шетелдік инвесторлар елімізге капитал құйып, озық технологиялары мен жоғары білікті мамандарын әкелді. Олардың инвестициясы отандық энергетика саласының дамуына оң ықпал етті: кейінгі 30 жылда мұнай өндірісі үш есе артты. Осы көрсеткіштердің нәтижесінде Қазақстан мұнай өндіру қарқыны жоғары мемлекеттердің үздік бестігіне кірді. Болашақта біз бұл межені жылына 100 миллион тоннадан асыруды көздеп отырмыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының пікірінше, мұнай химиясы өнеркәсібін өркендету Қазақстан экономикасын әртараптандыруға зор үлес қосады.

– 2022 жылы өндірістік қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен шығаруға жететін Орталық Азиядағы ең ірі зауытты іске қостық. Қазіргі уақытта бұл кәсіпорын ішкі сұраныстың шамамен 60 пайызын өтеп отыр әрі өз өнімін Еуропа, Түркия және Қытай нарықтарына экспорттайды. Биыл қыркүйек айында жылына 1,2 миллион тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысы басталды. Бұдан бөлек, мұнай химиясы саласында жалпы құны 14 миллиард доллардан асатын бірқатар жоба пысықталып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы «таза энергетика» секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру мәселесіне айрықша тоқталды.  Атап айтқанда, Қазақстанда жалпы қуаты 43 ГВт болатын «жасыл» жобаларды жүзеге асыру үшін Total, Svevind, ACWA Power және Masdar сияқты әлемдік компаниялармен нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бұдан бөлек,  Қазақстан атом энергетикасын дамыту ісінде мол әлеуетке ие.

– Біз уран өндірісі бойынша әлемдегі ірі елдердің санатына кіреміз. Өздеріңізге мәлім, жақында өткен жалпыұлттық референдумда азаматтарымыз Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысын қолдады. Бұл бастаманы энергетикалық қауіпсіздігімізге салған ұзақмерзімді инвестиция деуге болады. Қазіргі кезде осы жобаны жүзеге асыру үшін халықаралық консорциум құру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз, –  деді Президент.

Инвесторлардың назар аударуына лайық саланың бірі – агроөнеркәсіп секторы.

– Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамыту Орталық Азия аймағының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан стратегиялық басымдық саналады. Елімізде ауыл шаруашылығына жарамды 200 миллион гектардан астам жер бар, бұл ретте әлемде алтыншы орындамыз. Кейінгі алты жылда саладағы экспорт көлемі екі есе ұлғайып, бес миллиард доллардан асты. Біз агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялық секторға айналдыруды көздейміз. Осы орайда, шетелдік инвесторлардың үлесі бар құны бес миллиард доллардан асатын 100-ден астам жоба қолға алынады, – деді Мемлекет басшысы.

Көлік және логистика секторында Қазақстан Еуразиядағы негізгі тасымал торабы ретінде өз позициясын нығайтуға ниетті. Елімізде он бір мың шақырым ескі темір жолды жөндеу және бес мың шақырымнан астам жаңа темір жол салу жоспарланған. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытудың маңызы зор. Сондықтан жаңа жүк терминалдарын салу мен кеме өндірісін жолға қою арқылы Орта дәліз инфрақұрылымын дамыту үшін инвестиция тартуға баса назар аударылады.

Президент өз сөзінде инвесторлар құқығын қорғау және реттеушілік саясатты дамыту мәселелеріне ерекше мән берді.

Мемлекет басшысы сот және құқық жүйесінде жүргізіліп жатқан жаңғыртулар қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға бағытталғанын айтты. Сонымен қатар Үкімет пен инвесторлардың өзара қарым-қатынасын цифрландыру аясы кеңейіп келеді. Жыл соңына дейін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа толық жұмыс істегенде, жобалардың жүзеге асырылу барысын нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік туады.  

Жаңа Салық кодексі машиналар, құрал-жабдықтар және бағдарламалық жасақтамалар сатып алуға жұмсалған шығындарды шегеретін салық преференцияларын бекіту арқылы инвестициялық кезеңді жандандырады.

Еліміз қаржы секторындағы ынтымақтастық аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығының  қызметіне ерекше мән береді. АХҚО – әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының озық тәжірибесін меңгерген Орталық Азия өңіріндегі бірегей мекеме.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға, жаңа бастамалар мен нақты жобаларды жүзеге асыруға бағытталған Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелері мен мемлекеттік органдар арасындағы диалогты жалғастырудың маңызына назар аударды.

Сонымен қатар жиында Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо, Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы Ерлан Досымбеков, CNPC вице-президенті Чжан Даовэй, Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузов, Alstom компаниясының Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азия өңірлері бойынша президенті Эндрю Делеони, «Лукойл» ЖАҚ бас атқарушы директоры Вадим Воробьев сөз сөйледі.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу қарқын алады

Новости партнеров