Проблемалық активтерді сатуға арналған отандық платформа бар
«Проблемалық кредиттер қоры» осы уақытқа дейін 170 миллиард теңге қайтарған. Бұл институттың негізгі бағыты – қиындыққа тап болған, бірақ жұмысын жалғастыруға мүмкіндігі бар кәсіпорындарды қолдау. Соның нәтижесінде 2020–2025 жылдары борышкер компаниялар бюджетке шамамен 84 миллиард теңге салық төлеп, 9 мыңнан астам жұмыс орнын сақтап қалған. Бүгін Астанада Мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі халықаралық форумның 10-саммиті өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Проблемалық активтерді экономикалық айналымға қайтару мәселесі елордада өткен халықаралық жиында талқыланды. Саммитте 19 елден келген 200-ге жуық өкіл мен 60-қа тарта ұйым мүшесі тәжірибесін ортаға салды. Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, елімізде бұл бағытта «Проблемалық кредиттер қоры» жұмыс істейді. Ұйым жеке тұлғалардың қарыздарымен емес, негізінен бұрын банктерден алынған проблемалық активтермен айналысады. Бүгінде Қор активтерінің 83 пайызы елдімекендердегі жерлерге тиесілі екен.
«Біз 1 миллион 300 мың гектар жерді айналымға қайтарып, жұмыс орындарын сақтап қалдық. Бұл кәсіпорындарда 76 мың ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Сондықтан бүгінгі таңда Қор өз міндетін атқарып келеді. Сонымен қатар, тек соңғы жылдың өзінде Ұлттық қорға 25 миллиард теңге қайтарылды», – деді ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев.
Проблемалық активтерді сатуға арналған отандық платформа бар. Екі жылдан бері жұмыс істейді. Жүйені қазақстандық компания әзірлеген. Мұнда банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер өз активтерін аукционға шығарады. Саудаға жер телімдері, пәтерлер, үйлерден бастап зауыттар мен ірі нысандарға дейін қойылады.
«Бұл платформа Қазақстанның барлық азаматтары мен компаниялары үшін арнайы құрылған. Кез келген жеке тұлға электрондық цифрлық қолтаңба арқылы тіркеліп, платформаға кіріп, активтерді көріп, аукционға қатыса алады. Ол үшін 10 пайыз кепілдік жарнасын төлеу қажет. Яғни кез келген адам өзін қызықтырған нысанды сатып ала алады», – деді «Бірінші кредиттік бюро» компаниясының платформалық шешімдер бағытының жетекшісі Дәурен Халықов.
Жұмыс істемейтін активтер бүгінде банк саласының ғана емес, жалпы қаржы тұрақтылығына әсер ететін маңызды мәселеге айналған. Сондықтан Қазақстан халықаралық тәжірибені пайдаланып, стрестік активтерді тиімді басқарудың жаңа тетіктерін қалыптастыруға мүдделі. Ал бүгінгі саммит – осы мәселені жан-жақты талқылап, тиімді шешімдерді бірге іздейтін маңызды алаң.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан
Оқи отырыңыз: Алматыда қоғамдық тамақтану нысандарының шығарындыларына бақылау күшейтіледі