Өркениеттен жұрдай ауыл: Атырау іргесіндегі Көкарна тұрғындарының мәселесі қашан шешіледі

 Тұрғындардың айтуынша, көше жарығының болмауынан қылмыс та көбейген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өркениеттен жұрдай ауыл. Атырау іргесіндегі Көкарна ауылының инфрақұрылым жыры әлі бітпей келеді. Тұрғындардың айтуынша, ауыл көшелері қараңғы, ойын алаңдары жоқ және жолдары ойлы-шұңқыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілішісі.

Көкарна ауылында көкейкесті проблема шаш етектен. Жарықсыз көшелер мен ойылған жол, одан қалды ойын алаңы атымен жоқ. Амалы таусылған қараша көшені кілеммен жамап, бірқатары жарықты өз күшімен тартқан. Өйткені жұрт жылда уәдені үйіп-төгетін шенділердің жаттанды сөзінен жалыққан.

«Кешке жарық жоқ. Тротуар, ойын алаңдары жоқ. Көше тар. Балалар 110 мың вольтт кұші бар бағанның астында ойнайды, қауіпті. Спорт алаңдарын жасаса екен дейміз, себебі жастар асфалт бойында ойнайды. Әкімдіктің берген уәдесі орындалмады», – деді ауыл тұрғыны Мұрат Әубәкіров.

 Тұрғындардың айтуынша, көше жарығының болмауынан қылмыс та көбейген. Соның кесірінен көпшілік ұл-қыздарын кешке далаға шығарудан қорқады. Ал мүгедек пен зейнет жасына шыққан жандарға да қиын.

«Адамға ең бірінші жарық керек, үшіншіп топ мүгедегімін, қараңғыда жүру мүмкін емес, бір адам мені жетектеп жүру керек. Біздің көшеде қаншама мүгедек бала бар. Көшеде ит бар, оның бірі де қаралып жатқан жоқ. Басқа көшелермен салыстырғанда біз XIX ғасырда қалып қойған сияқтымыз», – деді ауыл тұрғыны Гүлшат Қошанова7

 Тұрғындарды тұқыртқан мәселеден әкімдік өкілдері хабардар. Жауаптылардың сөзінше, әзірге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, бюджет қарастырылып жатыр. Алайда проблеманың нақты қай кезде шешілетінін айта алмады.

«Көшелерді жарықтандыру жекешелік әріптестік жобасы асында жүзеге асырылады. Аталған жобаның 6 кезеңі аяқталып, қазір 7-кезеңіне 300-ге жуық көшеге жоба жасақталды. Сол жоба ішінде Курилкиндағы көше бар. Бюджет есебінен қаражат бөлінуіне қарай жоспарлы түрде көшеге  жарық жүргізіледі», – деді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инспекциясы бөлімінің бас маманы Аман Латифов.       

Жауапты мамандардың жаттанды уәдесінен жалыққан көкарналықтар ендігі арызды аймақ басшысына айтпақ.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Павлодарда жаңа туған сәбиін сатпақ болған әйел ұсталды