Салық кодексі тұрғын үй нарығына әсер ете ме - Роман Скляр жауап берді

31.07.2025 15:28

Үкіметі 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салуды жоспарлап отыр

Доллар бағамы алдағы уақытта қайтадан төмендейді. Бұндай болжамды Үкіметте Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның сөзінше, 2026 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында доллар 540 теңге деп белгіленген. Құжатта мұнай бағасы пессимистік сценарий бойынша 60 доллар деп көрсетілген. Роман Скляр Ұлттық банк Үкіметке бағынбайтын дербес құрылым екенін еске салды.

Айта кетейік, кеше Қазақстан қор биржасында АҚШ валютасы 550 теңгеге жеткен еді. Ал Ұлттық банк валюталық интервенция жасауға кіріскен.

«Болжам бойынша доллар бағамы бәрібір төмендейді. Ол қазіргідей жоғары болмайды. Мұндай жағдайды, бағамның тұрақталған кезін бірнеше рет көргенбіз. Менің ойымша, Ұлттық банк бұл үшін қолдан келгенін жасайды және нарық та қажетті бағытта әрекет етеді», – деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр.

Роман Скляр жаңа Салық кодексінің тұрғын үй нарығына әсер етпейтінін жеткізді. Оның айтуынша, баспана бағасын нарық реттейді. Десе де, кейінгі 10 жылда мемлекет жеке құрылыс компанияларынан тұрғын үй сатып алу арқылы нарыққа оң әсер етіп келеді. Ал биыл ел Үкіметі 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салуды жоспарлап отыр.

«Бізде тұрғын үй бағасы қымбат емес. Мен осы тұста бизнес немесе элиталық санаттағы емес, нақты эконом санатындағы тұрғын үйлер туралы айтып отырмын. Бұл сегменттегі баспана бағасы өз құнына сай. Бағаның күрт құбылуы күтілмейді», – деді Роман Скляр.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда жалған мекенжай бойынша тіркелгендерге айыппұл салынады