Жиында Президент қазіргі экономикалық ахуалға тоқталып, инфляцияның себептері анықталғанын, ендігі кезекте оны шешудің тиімді жолдарын табу қажет екенін атап өтті
«Инфляцияны ойға қонымды, қалыпты деңгейге түсіру қажет. Оның шарықтап кетуіне жол бермеу керек». Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жиында Президент қазіргі экономикалық ахуалға тоқталып, инфляцияның себептері анықталғанын, ендігі кезекте оны шешудің тиімді жолдарын табу қажет екенін атап өтті. Ол ұсынылатын шаралар елдің дамуына кері әсерін тигізбеуі қажет. Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны төмендету үшін бірлесіп нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеуі керек деді.
«Тағы да қайталап айтамын: қолайсыз ахуалды шұғыл ретке келтіру қажет. Биылдан бастап үш жыл қатарынан инфляцияны төмендету үшін нақты шаралар қабылдау керек. Бірлескен іс-қимыл бағдарламасын сапалы орындау айрықша маңызды. Мәселені шешудің орнына бос сөзді көбейтіп, қажетсіз «жол карталарын» әзірлеу – жауапкершіліктен қашу деген сөз. Алдын ала ескерту: ондай жағдайда қатаң шара қолданылады. Халықтың табысы артса ғана, нақты нәтижеге қол жеткіздік деп санауға болады», – Мемлекет басшысы.
Отырыста Президент биыл күшіне енген Салық кодексіне де тоқталды. Сөзінше, ол қазірдің өзінде оң нәтиже бере бастаған. Экономика министрлігінің мәліметінше, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа салық режимі іске қосылғалы бері 180 мыңнан астам жаңа салық төлеуші заң аясында әрекет ете бастапты. Үкімет салық реформасының нәтижесінде биыл бюджетке қосымша 4,4 триллион теңге түседі деп жоспарлап отыр.
«Жоспар, әлбетте, көңілге сенім ұялатады. Бірақ қайталап айтамын: белгіленген көрсеткіштерге шамадан тыс салық салу, бизнесті заңсыз немесе негізсіз қыспаққа алу есебінен жетуге болмайды. Бюджетті тиімді салықтық әкімшілендіру арқылы толықтыруға болады деп ойлаймын. Сондықтан салық жүйесін жаппай цифрландыруға шұғыл кіріскен жөн», – деді Президент.