Қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы жаңа жұмыс дағдыларын қажет етеді – министр

08.01.2025 15:55

Кадрларды даярлау сапасын арттыру мақсатында жаңа кәсіби стандарттар әзірленеді

Фото: unsplash.com (Daniele La Rosa Messina)

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы соңғы жылдары жаңғыртылып, неғұрлым технологиялық және өнімділігі жоғары болғанын атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі UKIMET-ке сілтеме жасап.

Ол ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мәртебесі де қатар өсіп келе жатқанын, оны жалақыны көтеру, ауыл тұрғындарының әлеуметтік төлемдеріне ұлғайтылған коэффициентті қолдану есебінен одан әрі көтеру қажеттігіне тоқталды.

Бұдан басқа, ауылда тұрғын үй құрылысын субсидиялау нормативін ұлғайту мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.  

Ұсынылған шаралар ауыл шаруашылығы жұмысшы мамандарының беделін арттыруға және азаматтардың ауылға тұрақтап қалуына мүмкіндік береді. 

Заманауи ауыл шаруашылығы негізгі кәсіптік-техникалық білімнің болуымен қатар цифрлық жүйелермен және жоғары технологиялық жабдықтармен, соның ішінде жасанды интеллектімен жұмыс істеудің жаңа дағдыларын меңгеруді талап  етеді.

"Кадрларды даярлау сапасын арттыру мақсатында 2025 жылы 9 кәсіби стандарт, сондай-ақ даярлаудың аграрлық бағыттары бойынша білім беру бағдарламалары  әзірленіп, жаңартылатын болады. Бұл мамандарды машинамен сауу, дрондар, астық өңдеу операторлары сияқты заманауи мамандықтарға және жоғары технологияларды қолдануға байланысты басқа да бағыттар бойынша оқытуға мүмкіндік береді", — деп толықтырды Айдарбек Сапаров.

Оқи отырыңыз: Агроөнеркәсіп кешеніне 600 мың жұмысшы маман жұмылдырылды – АШМ