Бұл туралы Алматыға жаңа қызметке келген АҚШ-тың Бас консулы Питер Кауфман мәлімдеді
Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық байланыс жаңа деңгейге көтерілді. Былтыр екі елдің өзара сауда айналымы 7 миллиард долларға жеткен. Ал бір жыл ішінде жасалған келісімдердің жалпы құны 17 миллиард долларға жуықтаған. Бұл туралы Алматыға жаңа қызметке келген АҚШ-тың Бас консулы Питер Кауфман мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дипломаттың айтуынша, алдағы негізгі міндет – осы қарқынды сақтап, ынтымақтастықты жаңа бағыттарда кеңейту.
«Мен жаңа ғана АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткенін айттым. Ал қазіргі таңда оған серпін беріп отырған негізгі факторлардың бірі – екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың қарқынды дамуы. Қазір өсім әсіресе бірнеше бағытта байқалады. Олардың қатарында көлік, жасанды интеллект және Қазақстанның минералдық ресурстары бар. Соңғы жылдары дәл осы салаларда ірі коммерциялық жетістіктерге қол жеткіздік. Дегенмен екіжақты ынтымақтастықты тек осы бағыттармен шектеуге болмайды. Қазір әртүрлі салалар бойынша келісімдер жасалып жатыр», – деді АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Питер Кауфман
Питер Кауфман экономикалық байланыспен қатар, адамдар арасындағы тікелей қарым-қатынасты да маңызды бағыт деп айқындап отыр. Оның айтуынша, қоғамдық дипломатия аясында қазақстандық жастардың АҚШ-та білім алуына, ағылшын тілін меңгеруіне мүмкіндік беретін бағдарламалар бар. Ел бойынша 10 American Corner орталығы жұмыс істейді. Онда келушілер ағылшын тілін тегін үйрене алады
«Біз қазір түрлі саладағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Менің басты мақсатым – осы серпінді сақтап, одан әрі нығайту. Біз экономикалық және коммерциялық ынтымақтастық туралы көп айттық. Алайда тоқталмаған тағы бір маңызды бағыт бар. Ол – қоғамдық дипломатия, яғни америка халқы мен қазақстандықтар арасындағы тікелей байланысты дамыту. Бұл – кәсіби қызметімде көп көңіл бөліп келе жатқан бағыттардың бірі», – деді АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Питер Кауфман.
Оқи отырыңыз: АҚШ Қазақстаннан тікелей әуе рейсін ашу үшін тексеріс бастады