Теңге тағы құнсызданып барады. Бүгінде бір АҚШ долларының бағамы 533 теңгеге жетті. Ал 10 күн бұрын ол 516-дан саудаланған еді. Ұлттық банктің мәліметінше, теңге жыл басынан бері шамамен 9 пайызға, яғни 14 теңгеге арзандаған. Төл валютаның тұрақтамауына не себеп? Бұл ел экономикасына қалай әсер етпек? Осы және өзге де сұрақтарды «Алматы» телеарнасының студия қонағы экономист Айбар Олжай жауап береді.
– Айбар мырза, соңғы апталарда теңге бағамы айтарлықтай әлсіреді. Бұл маусымдық құбылыс па?
«Шынымен дәл қазіргі кезде коррекция болды, теңге құны 4 теңгені қайтадан қосып алды. Маусымдық құбылыс деп айтуға нақты келеді. Себебі теңгенің қатты құлдырап кетуіне ешқандай негіз жоқ. Долларға деген сұраныс көбейіп кететін белгілі уақыт бар. Дәл осы уақытты біз көрдік. Кемінде Қазақстанда 200 мың адам шетелге демалуға шығады. Есептесек олардың әр отбасы кемінде 1000 доллардан сатып алады. Дәл осы кезде долларға сұраныс артып кетеді. Бірақ, 2022, 2023,2024 жылдардағы долларды алып-сату графигіне қарайтын болсақ, дәл осы кезде оған деген сұраныс пикте тұрады да, тамыз айының жартысынан бастап, соңында сұраныс азая бастайды. Дәл осы кезде теңге өзінің фундаменталды бағамына қайтып келеді».
– АҚШ доллары әлемдік нарықта тұрақты түрде күшейіп жатыр. Қазақстан сияқты дамушы елдерге бұл қандай қауіп немесе мүмкіндік әкелуі мүмкін?
«Доллардың позициясы күшейген сайын керісінше инвесторлар долларға кете бастайды да, дамушы елдердің нарығынан шығып кетеді. Сондықтан, бізге доллардың қатты күшейгені керек емес. Ол белгілі бір әлемдік валюталарға қарағанда арзандай бастады. Содан кейін қайта күшейеді, ауысып отырады. «Жүйкені тоздыру» біздің нарыққа қажет емес, оның тұрақты орында тұрғаны қажет».
– Жыл соңына дейін теңге бағамы қандай деңгейде тұрақтайды дей аламыз? Қарапайым халық нені білуі керек?
«Негізі, көп жағдайда ажиотажға еріп кеткендер ұтылып қалады. Тура осындай жағдайды 2022 жылы көрдік. 2023 те де осындай сұраныс артқан кезде, адамдар долларға айырбастап алды. Ал теңге өзінің күшіне қайта келгенде жаңағы адамдар ұтылды. Сондықтан дәл осындай доллар көтеріліп кеткен кезде бірден жаңағы ақшаны айырбастау орындарына баратындар көп жағдайда ұтылып қалады. Өйткені, сіз ол трендтің алдында емессіз. Сондықтан, соңын күткен дұрыс».
Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырысын өткізді