Теңгенің күшеюіне үш негізгі фактор әсер етті - экономист

29.10.2025 15:35

Қазір доллар бағамы біраз төмендеп, теңге нығайды

Теңге бағамы айтарлықтай нығайып, доллар арзандады. Халықаралық нарықта АҚШ валютасының құны 533,5 теңгеге дейін төмендеп, алдыңғы күнмен салыстырғанда 2,33 теңгеге түсті. Бұл өзгеріс ішкі нарыққа да әсер етті. Айырбастау орындарында доллардың орташа сату бағамы 538,19 теңгеден 536,94 теңгеге дейін төмендеді. Теңгенің мұндай серпініне қандай факторлар әсер еткен? Доллардың әлсіреуінің басты себебі неде? Бұл сұрақтарға экономист Сапарбай ЖОБАЕВ Аlmaty.TV эфирінде тікелей байланысқа шығып, жауап берді.

- Сапарбай мырза, теңгенің нығаюына не түрткі болды?

- Қазір доллардың теңгеге шаққандағы бағамы біраз төмендеп, теңге нығайды. Бұл өзгеріс төлем балансы деп аталатын маңызды құжаттағы экспорт пен импорттың арақатынасына байланысты қалыптасады. Соңғы уақытта әлемде орын алған геосаяси шиеленістер мұнай бағасының сәл көтерілуіне әсер етті. Ал мұнай бағасы біздің негізгі валюталық түсімдеріміздің шамамен 60 пайызын қамтамасыз етеді. Сондықтан мұнай бағасының өсуі теңгенің күшеюіне тікелей ықпал етті. Мысалы, бұрын 1 доллар 542 теңге болса, қазір шамамен 531 теңгеге дейін түсті.

Екіншіден, біздің негізгі сауда серіктестеріміз – Ресеймен және Қытаймен, сондай-ақ Еуропамен де сауда балансы оң көрсеткіште. Яғни, біз Еуропаға көп көлемде шикізат экспорттаймыз, керісінше, олардан келетін тауар көлемі аз. Соның нәтижесінде елде доллар қоры көбейіп, оны биржаға шығарып сату мүмкіндігі туып отыр.

Үшіншіден, теңгенің тұрақтылығына айтарлықтай әсер етіп отырған тағы бір фактор – Ұлттық қордан алынған валюталық қаражаттың биржада сатылуы. Яғни, Ұлттық банктің алтын-валюта қорына тимей, Ұлттық қордың валютасы сатылып жатыр.

Міне, осы үш негізгі фактор теңгенің бүгінгі таңда күшеюіне және бірқалыпты деңгейде сақталуына ықпал етіп отыр.

- Доллардың арзандауы еліміздің экономикаға қалай әсер етеді?  Бұл үрдіс ұзаққа созыла ма, жоқ әлде алдағы уақытта теңге қайта әлсіреп, доллар бағасы көтерілуі мүмкін бе?  

- Доллар бағамының 542-ден 532 теңгеге түсуі – аса үлкен айырмашылық емес, бұл шамамен 0,1 пайыз ғана. Дегенмен көзге байқаларлық деңгейде теңгенің тұрақтылығын көрсетіп отыр. Сондықтан бұл өзгеріс экономикамызға айтарлықтай әсер етпейді.

Неліктен? Себебі бұған дейін доллардың 450-ден 500–540 теңгеге дейін көтерілуі біздің экспорттаушылар үшін тиімді болатын. Мысалы, біз бидай, ұн, өсімдік майы, ет, тіпті автомобиль де экспорттап жатырмыз, яғни экспорт көлемін арттыруға бұл жағдай ынталандырушы фактор еді. Себебі сыртқа 1 млн долларға өнім сатқан экспорттаушы бұрын 542 млн теңге алса, қазір 531 млн теңге алады.

Сондықтан көптеген мемлекеттер экспортты қолдау үшін ұлттық валютасының бағамын әдейі сәл төмен деңгейде ұстап тұрады, яғни валютасы әлсіреген жағдайда оны күшейтуге күш салмайды. Ал біздегі қазіргі теңгенің шамалы күшеюі – экономиканың ішкі табиғи әсері.

Бұл жағдай, әрине, теңгенің аз да болса қуаттанып, тұрақтануына ықпал етеді. Нәтижесінде импорттық тауарлардың, әсіресе әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы сәл арзандайды. Мысалы, дәрі-дәрмек пен түрлі қондырғының құны тұрақтанып, әлеуметтік салаға оң әсер етеді. Экономикамызға тигізер негізгі ықпалы – осы.

Оқи отырыңыз: ЛГБТ мен педофилияны насихаттағандар қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін