Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеменің неге төмендетілгенін түсіндірді
Ұлттық банк инфляцияны 2028 жылы 5%-ға дейін төмендетуді көздеп отыр
Қазақстан Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 50 базистік тармаққа төмендетіп, жылдық 15,75% деңгейінде белгіледі. Бұл шешім инфляцияның баяулауына қарамастан, бағаға әсер ететін тәуекелдердің әлі де жоғары болуына байланысты қабылданды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қыркүйекте жылдық инфляция тамыздағы 9,8%-дан 9,3%-ға дейін төмендеген. Азық-түлік инфляциясы 8,5%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсімі 11%, ал ақылы қызметтер саласындағы инфляция 8,9% болды.
Инфляцияның баяулауына теңге бағамының нығаюы, тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы және Үкіметпен бірлесіп қабылданған шаралар ықпал еткен. Дегенмен, баға өсімі әлі де нысаналы деңгейден жоғары, ал сыртқы және ішкі тәуекелдер сақталып отыр.
«Біздің басты міндетіміз – инфляцияны 2027 жылы 6,5-8,5% аралығында төмендетіп, 2028 жылы оны 5%-тік нысаналы деңгейге жақын тұрақтандыру», – деді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк мәліметінше, халықтың инфляциялық күтулері де аздап төмендеген. Қыркүйекте бұл көрсеткіш 11,8% болды. Кәсіби сарапшылардың болжамы бойынша, 2026 жылдың соңында инфляция 9,5%, ал 2027 жылы 8,3% болуы мүмкін.
Сонымен қатар Қазақстан экономикасы өсім көрсетіп отыр. 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында жалпы ішкі өнім 4,2%-ға өсті. Экономикалық өсімге құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік және сауда салалары үлес қосқан. Негізгі капиталға салынған инвестиция 7%-ға артты.
Алайда тұтынушылық сұранысты ынталандырып отырған мемлекеттік және квазимемлекеттік бағдарламалар инфляциялық қысымды күшейтуі мүмкін. Бұған қоса, Таяу Шығыстағы шиеленіс, әлемдік азық-түлік бағасының өсуі және мұнай нарығындағы белгісіздік те бағаға әсер ететін факторлар қатарында.
Ұлттық банк коммуналдық тарифтерге қатысты былтырғы төмен базаның әсерінен жыл соңына қарай жылдық инфляция статистикалық тұрғыдан қайта үдеуі мүмкін екенін ескертті. Реттеуші тарифтер өзгерісіне базалық мөлшерлемені автоматты түрде көтеру арқылы жауап бермейтінін, алайда оның жанама әсерлерін мұқият қадағалайтынын мәлімдеді.
«Қазіргі тәуекелдер балансын ескерсек, базалық мөлшерлемені 2026 жылдың соңына дейін өзгерту ықтималдығы төмен», – деді Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк алдағы шешімдерді инфляцияның нақты және күтілетін динамикасына, инфляциялық күтулерге және тәуекелдер балансына қарай қабылдайды. Реттеушінің негізгі мақсаты – инфляцияны 2027 жылы 6,5-8,5% аралығына дейін төмендетіп, 2028 жылы 5%-дық нысаналы деңгейге жақындату.
Оқи отырыңыз: Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,75%-ға дейін төмендетті