Елімізде тұрғын үй құрылысы артты

Almaty.tv
Almaty.tv
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде тұрғын үй нарығы қарқынды дамып келеді. Биыл мамырда 34 мыңға жуық пәтер сату-сатып алу мәмілесі тіркелген. Бұл былтырмен салыстырғанда 9,4 пайызға артық, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ал осы жылдың алғашқы бес айында 158 мың 500 мәміле жасалып, көрсеткіш 5 процентке өскен. Сату көлемімен қатар, жаңа тұрғын үй құрылысы да артты. Биыл қаңтар-мамыр аралығында елде 6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Былтыр бұл көрсеткіш 5,7 пайызға төмен болған. Ал жылдық көрсеткішке келетін болсақ, 2024 жылы рекордтық 19 млн шаршы метр тұрғын үй салынған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 8,1 ппоцентке жоғары. Сарапшылардың айтуынша, мұндай өсім халықтың тұрғын үйге деген қажеттілігінен туындап отыр.

Жағдайды оңтайландыру үшін мемлекеттік деңгейде де жүйелі қадамдар жасалып жатыр. Биыл 24 мамырдан бастап тұрғын үй алу үшін кезекке тұру процесі толығымен цифрландырылды. Енді Orken.otbasybank.kz порталы арқылы өтінім қабылданып, пәтерді бөлуге дейінгі процесс «бір терезе» қағидаты бойынша іске асады. Өтінім беру үшін соңғы 5 жылда азамат пен оның отбасы мүшелерінің атында жылжымайтын мүлік болмауы тиіс. Сонымен қатар ұялы телефон нөмірі мобильді азаматтар базасына тіркеліп, 1414 нөмірінен келетін SMS хабарлама арқылы расталуы қажет.

Бүгінде тұрғын үй кезегінде 600 мыңнан астам адам тұр. Дегенмен басымдық, яғни тұрғын-үйдің 70 пайызы көпбалалы отбасыларға, ардагерлерге және әлеуметтік осал топтарға беріледі. Қалған 30 пайызы мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметшілер, қандастар мен ауыр диагнозы бар азаматтарға қарастырылған. Жаңа жүйе «Отбасы банк» базасында жұмыс істейді. Ол 14 мемлекеттік дерекқормен біріктірілген. Бұл – кезекте тұрған азаматтың әлеуметтік жағдайын нақтылап, жеке қолдау шарасын ұсынуға мүмкіндік береді. Цифрлық трансформацияның нәтижесінде Қазақстан БҰҰ онлайн-қызметтер даму индексінде әлем бойынша үздік он елдің қатарында. Әсіресе институционалдық құрылым бойынша еліміз Жапония, АҚШ, Норвегия, Оңтүстік Корея, Канада, Нидерланды сынды алпауыт елдермен бір деңгейде тұр. Тұрғын үй құрылысы мен мәміле көлемі артқанымен, нарықтағы басты мәселе бағада болып тұр.

Оқи отырыңыз: Алматыдағы Геологтар аллеясына күрделі жөндеу жүргізіледі

Новости партнеров