Қазақстанда 19,9 млн тонна астық жиналды
Қазақстанда бидай алқаптарының қысқаруы және майлы дақылдардың 5,2 млн гектарға дейін кеңеюі аясында егістік құрылымындағы астық дақылдарының үлесі 72%-дан 66%-ға дейін төмендеді. Бұл туралы сейсенбі күні өткен Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, бұл науқан былтырғы қарқыннан озық жүргізілуде. Елдегі жалпы егін жинау алаңы 24,2 млн гектарды құрайды, оның 15,6 млн гектардан астамы астық және дәнді-бұршақ дақылдарына тиесілі.
2024 жылдан бастап майлы дақылдар егістігі 2,2 млн гектарға ұлғайды, ал қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету үшін екі жылда жүгеріге қосымша 120 мың гектар бөлінді. Жалпы құрылымдағы майлы дақылдардың үлесі 13%-дан 18%-ға дейін өсті.
«Бүгінгі таңда 13,5 млн гектар астық немесе 83%-ы жиналды, орташа өнімділігі гектарына 14,7 центнерді құрап, 19,9 млн тонна астық бастырылды. Астықтың жалпы түсімі көпжылдық орташа көрсеткіштерден жоғары болады деп болжануда, бұл ішкі нарықтың азық-түлік астығына, мал азығына және тұқымдық материалға деген қажеттілігін толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспорт көлемін сақтауға мүмкіндік береді», — деп баяндады Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.
АШМ мәліметінше, бүгінге дейін 2,4 млн гектар майлы дақылдар жиналып, 2,4 млн тонна майлы дақыл тұқымы бастырылды, ал жиын-терін қорытындысы бойынша 5 млн тоннадан астам өнім күтілуде. Бұдан бөлек, 2,9 млн тонна көкөніс, 2,3 млн тонна бақша дақылдары және 2,5 млн тонна картоп жиналды. Мақта өнімділігі гектарына 32 центнерді құрап, 70,5 мың тонна шикізат алынды, бұл ретте тамшылатып суару алаңы екі жылда 3 мыңнан 80 мың гектарға дейін ұлғайды.
Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Батыс Қазақстан облысында астық жинау толық аяқталғанын, ал Шығыс Қазақстан, Павлодар, Жамбыл және Қарағанды облыстарында алқаптардың 95%-дан астамы жиналғанын атап өтті.
Оқи отырыңыз: Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарын түзету кезінде тұрғындардың ұсынысы ескерілді