Үкімет басшысы WorldSkills Kazakhstan чемпионатының қатысушыларымен кездесті

primeminister.kz
primeminister.kz

Премьер-министр олардың алған білімінің сұранысқа ие екенін ерекше атап өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Премьер-министр Олжас Бектенов колледж студенттері арасында салалық жұмысшы мамандықтарындағы құзыреттілік деңгейі бойынша WorldSkills Kazakhstan 2024 ұлттық чемпионаты өтіп жатқан алаңға барды, деп хабарлайды Аlmaty.tv Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараның тұжырымдамасы ірі халықаралық компанияларда әлеуетті жұмысқа орналасуды қамтамасыз ету үшін оқыту сапасын, алынған дағдыларды тексеру мақсатында кәсіби-техникалық колледж студенттері мен кәсіпорындар арасындағы кооперацияға бағытталған. 

Премьер-министр чемпионатқа қатысушылармен әңгімелесу барысында олардың алған білімдерінің сұранысқа ие екенін ерекше атап өтті.

"Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы техникалық және кәсіптік білім берудің бүкіл еліміз үшін ерекше маңыздылығын көрсетеді. Үкімет алдына экономика құрылымын жаңғырту бойынша өршіл міндеттер қойылды. Ол үшін бізге энергетика, құрылысшы, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласында білікті отандық мамандар қажет. Бұл ретте цифрлық трансформация мен технологиялық прогрестің сын-қатерлеріне дайын болу маңызды. Сондықтан біздің ортақ міндетіміз – қоғамның барлық ресурстарын біріктіру. Бұл бағытта біз жастарымызға және осындай іс-шараларға жан-жақты қолдау көрсететін боламыз", — деп атап өткен Олжас Бектенов қызығушылық танытып, студенттердің өз дағдыларын көрсетуі үшін арнайы мамандандырылған аймақтар құрған компанияларға алғысын білдірді.

Сол жерде колледж басшылығымен кездесу өтіп, оның барысында білім беру сапасын арттыру мақсатында кадрлар даярлау бойынша өзекті мәселелер талқыланды. Биыл чемпионатқа Алматы құрылыс-техникалық колледжі, «Astana Polytechnic» жоғары колледжі, «Қазақмыс» корпорациясының политехникалық колледжі, Абай облысы білім басқармасының Радиотехника және байланыс колледжі, Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжі және басқа да оқу орындарының студенттері қатысады. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2030 жылға дейін кадрларға жалпы қажеттілік 1,8 млн адамды құрайды, оның ішінде техникалық білімі бар 1 млн-ға жуық жұмысшы қажет. Құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі салаларында үлкен сұраныс күтілуде. Биыл WorldSkills Kazakhstan ұлттық чемпионаты алаңдарында 555 қатысушы электроника, өнеркәсіптік автоматика, мехатроника, инженерлік графика, кондитерлік іс, электр монтаждау жұмыстары, дәнекерлеу технологиялары, веб-технологиялар және бизнеске арналған IT-шешімдер, сән технологиялары сияқты 30 құзыреттілік бойынша өз дағдыларын көрсетпек.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұмысшы мамандықтары үшін кадр даярлау сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. 2024 жылы бюджет есебінен колледждерге 142,5 мың студент қабылданды – бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп. Дуальды білім беру жүйесі енгізіліп, оның шеңберінде 496 колледж және 7 мыңнан астам кәсіпорынмен 75 мың студентті даярлау бойынша келісімшарттар жасалды. 1 қыркүйектен бастап колледж студенттерінің шәкірақысы өткен жылмен салыстырғанда 50%-ға артты. Сонымен қатар биылдың өзінде ТжКБ үшін 2 103 орынға арналған 8 жатақхана салу жобасы іске асырылуда", - делінген хабарламада. 

Мемлекет басшысының Жұмысшы мамандықтары жылы бойынша қойған міндеттерін іске асыру шеңберінде өткен жарыста қатысушылармен әңгімелесу қорытындысы бойынша Премьер-министр оқу-ағарту министріне Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп ТжКБ студенттерін қолдау және дамыту үшін Ұлттық құзыреттер орталығын құруды тапсырды. Орталық бизнес үшін диалог алаңы және кадрларды даярлау жүйесі рөлін атқарады, сондай-ақ халықаралық кәсіби шеберлік конкурстарына қатысу үшін жаттығу базасына айналады.

Оқи отырыңыз: Алматыда жастарға арналған кәсіптік бағдар беру фестивалі өтті

Новости партнеров