ЖІӨ-ге 16-17% көлемінде инвестиция тартылмақ
Қазақстан экономикаға инвестиция ағынын $400 млрд-қа дейін арттыруға ниетті, деп хабарлайды Аlmaty.tv ҚР Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Үкімет жүргізіп жатқан белсенді макроэкономикалық саясат ел экономикасына инвестиция ағынын едәуір арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Вице-премьер бүгінгі таңда Қазақстан экономикасына ЖІӨ-ге 16-17% көлемінде инвестиция тартылатынын айтты.
«Бізге 23-24% инвестиция тарту керек. Егер цифрмен айтатын болсақ, 2029 жылға дейін ештеңе істемесек, онда $280 млрд инвестиция тартамыз, ал бізге $ 400 млрд қажет. Меншіктің барлық нысанын тарта отырып, “Бәйтерек” арқылы жүзеге асыратын проактивті макроэкономикалық саясат - бұл екінші деңгейлі банктер, жеке инвестициялар және т. б., ол бізге жетіспейтін $120 млрд-ты тартуға мүмкіндік береді және бұл бүгінгі таңдағы қажеттілік», - деді Серік Жұманғарин.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың нақты табысы алдағы үш жылда 2-3% өседі