Үкімет коммуналдық тарифтерді көтеруді 2026 жылдың көктеміне дейін тоқтатты

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Коммуналдық қызмет пен әлеуметтік тауарлар бағасы бақылауда болады  

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биылғы 16 қазаннан бастап барлық тұтынушы тобы үшін коммуналдық қызметтер тарифтерін көтеру 2026 жылдың І тоқсанының соңына дейін тоқтатылады, деп хабарлайды Аlmaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, тарифтердің өсуін тежеу табиғи монополиялар субъектілерінің операциялық шығыстарын оңтайландыру есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл ретте ТКШ жүйесі нысандарында жоспарланған барлық жөндеу жұмысы белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс.

Айта кету керек, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін тұрғын үй көмегін көрсету тетігі қолданылады.

ҚР сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу үшін отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру көлемін екі есе ұлғайту арқылы тұрақтандыру қорларының жұмысына қосымша серпін беріледі, бұл өз кезегінде ӘМАТ санатына жататын өнімдер бағасының төмендеуіне әкеледі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту және еліміздің экономикалық жағдайын тұрақтандыруға бағытталған бірқатар шараларды жүзеге асыруда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын әрі қарай тұрақтандыру үшін берілетін қаржыны екі есе ұлғайтып, тұрақтандыру қорларының жұмысын күшейту жоспары бар. Аймақтағы комиссиялар негізсіз делдалдарды анықтап, бағаны көтеріп жіберетіндерді алып тастауға ерекше назар аударады.

Ауылшаруашылығы министрлігімен бірлесіп, ай сайын өңірлерге тікелей сиыр етін жеткізу ұйымдастырылуда. Сонымен қатар отандық өндірушілер және сауда желілерімен бірге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша бөлшек сауда бағасын бекіту жөнінде өндірушімен меморандум жасалады. Осы бағыттағы жұмыстар жүйелі әрі жоспарлы түрде жалғасады», - деді Арман Шаққалиев.

Сондай-ақ делдалдық схемаларды және сауда үстемелерін асыра қосу фактілерін анықтау жөніндегі өңірлік комиссиялар жұмысын күшейтуге ерекше назар аударылады.

Оқи отырыңыз: Үкімет бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге мораторий енгізеді

Новости партнеров