Республика күні: әлем сахнасындағы қазақ өнерінің жетістіктері қандай

Тәуелсіздік кезеңінде елде 18 жаңа театр ашылып, түрлі бағыттарды қамтитын шамамен 12 мың спектакль қойылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл – Қазақстанның егемендігі туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл. Осы маңызды тарихи құжат арқылы еліміз әлемдік аренада тәуелсіз мемлекет ретінде мойындалып, мәдениет пен өнер саласы жаңа тыныс алды. Әсіресе музыка, театр және музей ісі жаһандық кеңістікке еркін еніп, айтарлықтай жетістіктерге жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тәуелсіздік жылдарында қазақ музыка өнері жаһандық сахнада өз орнын ойып тұрып алды. Мәселен 2014 жылы қазақтың қоңыр домбырасының күйлері ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енсе, араға бір жыл салып, айтыс өнері де осы мәртебелі тізімнен орын алды. Ал «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі 2008 жылдан бері әлемнің 122 қаласында 3 мыңнан астам концерт қойып, атақты сахналарды қазақтың төл әуенімен тербетті.

«Консерваторияның ұстазы ретінде болашақ Қазақстан жастарын тәрбиелеп отырмыз. Оның ішінде классикалық өнерге бейім, дарынды, талантты жастар өте көп», – деді ҚР Халық әртісі Талғат Күзембаев.

Эстрада мен заманауи музыканың көкжиегінде де отандық өнерпаздар жарқын табыстарға қол жеткізді. 2014 жылы әнші Жанар Дұғалова Түркиядағы түркітілдес елдердің «Turkvizyon» халықаралық ән байқауында 25 елдің өкілін шаң қаптырып, бас жүлдені иеленді. Бұл толағай жеңістің ізін ала 2017 жылы Димаш Құдайберген Қытайдың әйгілі «I Am a Singer» жобасында өнер көрсетіп, финалда екінші орынға ие болды. Қытай көрерменін ерекше талантымен тәнті еткен Димаш «Азияның үздік әншісі» атағын алды.

Театр мен кино саласы тәуелсіздікпен бірге түлеп, тың серпінмен дамыды. «Қазақфильм» киностудиясы жүздеген көркем және толықметражды туындыларды көрерменге ұсынған. Театр өнері де кенже қалған жоқ. Тәуелсіздік кезеңінде елде 18 жаңа театр ашылып, түрлі бағыттарды қамтитын шамамен 12 мың спектакль қойылды.

«Қазақ театры, соның ішінде біздің театр бір ғасырға толып отыр. Бір ғасырда қаншама жетістіктер, үлкен кезеңдік қойылымдар қойылды. Биыл – 35 жыл керемет дата», – деді Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының шығармашылық жөніндегі орынбасары Елік Нұрсұлтан.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан музейлері де ұлттық мұраның шырақшысы ретінде жаңа белеске көтерілді. Музей қорларындағы тарихи-мәдени жәдігерлерді әлемге таныту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, халықаралық деңгейдегі көрмелер мен бірлескен жобалар жүзеге асты. Соңғы жылдары ұлы тұлғалардың мерейтойларына арналған көрмелер жиі өткізіліп, ұлттық рух пен әдебиетке ден қойылған.

«Биыл қазақтың ұлы компазиторы, бәріміздің мақтанышымыз, дирежор, дәулескер күйші Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы еліміздің аумағында ғана емес, ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтіп жатыр. Маусым айында Париждің Юнесконың штаб пәтерінде көрмемізді ұйымдастырып келдік», – деді Музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова

Егемендік алғалы Қазақстанның мәдениет саласы тың серпінмен дамыды. Әлемдік кеңістікте өз орнын айқын көрсетті. Алдағы уақытта да отандық өнер өркендеп, мәуелі мәдениетіміз дами беретініне сенім мол.

Мәди Мәлік. Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: 

 

 

 

 

Новости партнеров