Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18,0% деңгейінде сақтап қалды

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

2025 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 6,5% болды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені ±1 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық 18,0% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады,  деп хабарлайды Almaty.tv.

Инфляция және негізгі факторлар

2025 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 12,3% болды және бұл Ұлттық банктің болжамына сай келді. Инфляцияның қалыптасуына ең көп үлесті азық-түлік бағасының өсуі қосты – 13,5%. Атап айтқанда, ет пен май бағасының қымбаттауы өндірістік шығындардың артуымен және экспорт көлемінің ұлғаюымен байланысты.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы ұлттық валюта бағамының нығаюына байланысты соңғы айларда біршама төмендеп, 11,1% деңгейінде қалыптасты. Ал реттелетін тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифтерінің әкімшілік жолмен төмендеуіне байланысты ақылы қызметтер бағасының өсу қарқыны 12,0%-ға дейін баяулады.

2025 жылғы желтоқсанда айлық инфляция 0,9%, ал базалық инфляция 0,8% деңгейінде сақталды.

Сұраныс пен тәуекелдер

Инфляцияның жоғары деңгейі бұрынғыша ішкі сұраныстың ұсыныстан асып түсуімен байланысты. Тарифтік реформалар мен жанар-жағармай нарығын ырықтандырудың жанама әсері баға күтулеріне ықпал етті.

Халықтың алдағы бір жылға арналған инфляциялық күтулері 14,7%-ға дейін өсті, ал нарықтағы кәсіби қатысушылардың 2026 жылға жасаған болжамы 10,8% деңгейінде қалыптасты.

Әлемдік азық-түлік бағасы соңғы айларда төмендегенімен, әлі де жоғары күйінде. Дәнді дақылдар мен қант бағасы өсіп отыр. Ресейде инфляция қатаң ақша-кредит саясатының арқасында баяуласа, Еуропалық одақта тұрақты түрде төмендеді. Ал АҚШ-та Федералдық резерв жүйесі сауда саясатына байланысты инфляциялық тәуекелдердің артқанын атап өтті. Сонымен қатар геосаяси шиеленістің күшеюі де белгісіздікті арттырып отыр.

Экономикалық өсім

2025 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 6,5% болды. Көлік, құрылыс, сауда салаларында, сондай-ақ тау-кен өндірісі мен өңдеу өнеркәсібінде жоғары өсім қарқыны сақталды.

Ақша-кредит саясатының бағыты

Ұлттық банктің бағалауынша, инфляциялық үдерістер мен тәуекелдер болжамға сай қалыптасып отыр. Алайда сыртқы факторлар, салық жүйесіндегі өзгерістер және 2026 жылдың екінші тоқсанынан бастап тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифтері мен жанар-жағармай бағасының қайта өсу ықтималдығы сақ әрі байыпты саясат жүргізуді талап етеді.

Осыған байланысты базалық мөлшерлеме 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін қазіргі деңгейде сақталуы мүмкін.

Ұлттық банк инфляция динамикасын бақылауды, сондай-ақ 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру шараларының тиімділігін бағалауды жалғастырады.

Келесі шешім қашан жарияланады?

Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2026 жылғы 6 наурызда, Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілер саны екі есеге азайды

Новости партнеров