Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтап қалды

28.11.2025 13:21

Қазанда жылдық инфляция 12,6% болды

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 18% деңгейінде, 1 пайыздық тармақ дәлізімен өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Бұл шешім жаңартылған макроэкономикалық болжамдарға және инфляциялық тәуекелдердің жоғары болуына негізделген.

Қазанда жылдық инфляция 12,6% болды. Азық-түлік (13,5%) және азық-түлікке жатпайтын тауарлар (11%) айтарлықтай қымбаттады. Қызмет көрсету бағасының өсімі біршама баяулағанымен, жалпы инфляциялық қысым жоғары күйінде қалып отыр. Тұтыну себетінің 80%-ы 5% мақсатты межеден жоғары қарқынмен қымбаттап жатыр.

Сыртқы факторлар да әсер етуде: әлемдік азық-түлік бағасы жоғары деңгейде, Ресейдегі инфляция 4% нысанадан әлдеқайда жоғары.

Инфляция болжамы:

  • 2025 жылы: 12–13%;
  • 2026 жылы: 9,5–12,5%;
  • 2027 жылы: 5,5–7,5%.

Экономикалық өсу болжамы да жаңартылды. 2025 жылы ЖІӨ өсімі 6–6,5% деңгейінде күтіледі. 2026 жылы салықтық және бюджеттік реформаларға байланысты өсім 3,5–4,5%-ға дейін баяулауы мүмкін. 2027 жылы экономика 4–5% ауқымында өседі деп болжанды.

Ұлттық банк инфляция тұрақты түрде баяулағанша мөлшерлемені төмендету мүмкін емес екенін мәлімдеді. 2026 жылдың бірінші жартысына дейін мөлшерлемені сақтау ықтимал, ал инфляциялық қысым күшейсе, ақша-кредит саясаты қайта қатаңдатылуы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Астанада ауыл әкімдерінің диалог-платформасы өтіп жатыр