Келесі шешім 4 желтоқсанда Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады
Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жылдық 15,75%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Мөлшерлеме бойынша ауытқу дәлізі ±1 пайыздық тармақ деңгейінде белгіленді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ұлттық банк мәліметінше, шешімге жылдық инфляцияның қатарынан 12 ай бойы баяулауы және халықтың инфляциялық күтулерінің төмендеуі негіз болған. 2026 жылғы қыркүйекте жылдық инфляция 9,3%-ды құрады.
Азық-түлік инфляциясы жеміс-жидек пен көкөніс бағасының арзандауы және ет бағасының өсу қарқынының баяулауы нәтижесінде 8,5%-ға дейін төмендеді. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 11%-ды құрады. Ал қызметтер бағасының өсуі 8,9% деңгейінде сақталды.
Қыркүйекте халықтың алдағы бір жылға арналған инфляциялық күтуі 12,1%-дан 11,8%-ға дейін төмендеді. Кәсіби сарапшылар да 2026 жылдың соңына арналған инфляция болжамын 10%-дан 9,5%-ға, ал 2027 жылға арналған болжамды 8,5%-дан 8,3%-ға дейін түсірді.
Ұлттық банк сыртқы жағдайлардың әлі де инфляцияны үдету қаупін тудыратынын атап өтті. Таяу Шығыстағы ахуал энергия ресурстары бағасының жоғары болуына әсер етсе, әлемдік нарықта дәнді дақылдар, қант пен өсімдік майы да қымбаттаған.
Сонымен қатар Қазақстан экономикасы өсім көрсетіп отыр. Алдын ала деректерге сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында жалпы ішкі өнім 4,2%-ға артқан. Өсімге құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және көлік салалары елеулі үлес қосқан. Негізгі капиталға салынған инвестиция 7%-ға өсті.
Ұлттық банк инфляциялық қысымның әлі де сақталып отырғанын ескертті. Ішкі сұраныстың жоғары болуы, инфляциялық күтулер, жанар-жағармай бағасы мен реттелетін тарифтердің өзгеруі баға өсіміне ықпал етуі мүмкін. Сондықтан базалық мөлшерлемені төмендету инфляцияны тұрақты баяулатып, оны 2028 жылға қарай 5% нысаналы деңгейге жеткізуге бағытталған.
Қазіргі тәуекелдерді ескере отырып, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 2026 жылдың соңына дейін өзгеріссіз қалдыру ықтималдығы жоғары екенін мәлімдеді. Оны одан әрі төмендету туралы шешім баға қысымының тұрақты бәсеңдеуіне байланысты қабылданады.
Базалық мөлшерлемеге қатысты келесі шешім 2026 жылғы 4 желтоқсанда Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.
Оқи отырыңыз: Жеті қазақстандық боксшы U19 әлем чемпионатының ширек финалына өтті