Өтінім беруден бастап төлемге дейінгі барлық процесс электронды форматта жүзеге асады
Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ суару суын каналдар арқылы беру үдерісін жеңілдету және автоматтандыру мақсатында биллингтік жүйені пилоттық режимде енгізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Платформада негізгі процестер толық цифрландырылған: өтінім беру, шарттар жасасу және су беру қызметтері үшін су пайдаланушылар мен «Қазсушар» РМК арасындағы есеп айырысу.
Өтінім беруден бастап төлем жасауға дейінгі барлық кезең электронды форматта жүргізіледі. Қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, өтінім беру және қызмет ақысын мобильді банкинг қосымшалары арқылы төлеу мүмкіндігі пысықталуда.
«Жұмыс тобы Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарында және Жетісу облысында, соның ішінде шалғай аудандарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Биллингтік жүйені енгізу фермерлер үшін шарт жасау процесін едәуір жеңілдетеді, ал “Қазсушар” РМК-ға каналдарға түсетін жүктемені тиімді бақылауға және су ресурстарын бөлуді жоспарлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жүйе судың “қара нарығымен” күресуге ықпал етеді. Платформа нақты уақыт режимінде су пайдаланушылардың қолданыстағы шарттарының бар-жоғын көруге және суару суын заңсыз алу деректерін анықтауға мүмкіндік береді», – деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің Цифрландыру департаментінің директоры Мейргүл Қуандықова.