Сенатта Қазақстан мен БАӘ Үкіметі арасындағы жоба бойынша келісім мақұлданды
Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт жел электр станциясы салынады. Бүгін Сенат депутаттары Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы жобаны іске асыру туралы келісімді мақұлдады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жоба аясында қуаты 300 МВт, сыйымдылығы сағатына 600 МВт болатын заманауи энергияны сақтау жүйесі енгізіледі. Сенаторлар жоба Қазақстанның экологиялық жауапкершілігін арттырып, көміртек шығарындыларын азайту жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындауға септігін тигізеді деп отыр.
Сондай-ақ шамамен 100 тұрақты, 1000 уақытша жұмыс орнын құруға және 1,4 миллиард доллар көлемінде инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
«Жоба еліміздегі сұранысты жабу үшін тұрақты электр энергиясын өндіруді қамтамасыз етуге бағытталған. Аталған жаңа технологиялар Қазақстанның энергия жүйесін нығайтуға жол береді. Ал энергия жинау есебінен ең жоғары жүктеме кезеңінде электрмен жабдықтаудың тұрақтылығын қамтамасыз етіледі. Бұл жүйені басқару отандық мамандар үшін бірегей мүмкіндіктерді аша отырып, еліміз үшін жаңа тәжірибе болмақ», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлібек Нәутиев.
Оқи отырыңыз: Жаз мезгілінде 11 қосымша теміржол бағытын іске қосады